Жаңалықтар

Арғымағым мені аман алып қалды: Азамат Сатыбалды өлім аузынан қалғанын айтты

Арғымағым мені аман алып қалды: Азамат Сатыбалды өлім аузынан қалғанын айтты

Жылқы малын ерекше жақсы көретін актер Азамат Сатыбалды өлім аузынан қалғанын айтты. Оның әлдеқандай жағдайға ұшырауына да, аман қалуына да арғымағы себепші болған. Актер басынан өткен кездейсоқ оқиғасын айтты, деп жазады stan.kz. "Әнеу күні, жақсы көретін құнаныма мініп кезекті серуенге шықтым. Жазық жерге келгенде байқайын деп шаба жөнелдім. Орнынан ытырыла бере елу метрден кейін тапырақтап барып құлады..... Екі аунап жатып қалды. Менің бір аяғым аттың астында,ал бір аяғым үзенгіге мықтап оралып қалыпты. Шығар емес. Санам сан саққа жүгіріп жанталаса бастадым. Ең бастысы жылқы орнынан тұрғанша үзенгіден аяғымды шығарып алу. Үлгермесем бітті шаруа, жылқы сүйретіп әкетеді. Айдалада құтқаратын тірі пенде жоқ. Өлді деген осы. Бір қолыммен тізгін арқылы жылқының басын басып, екінші қолыммен үзенгідегі аяғыма кірістім. Біраз алысып, әзер дегенде аяғымды шығарып орнымнан тұрдым. Бірер минут есімді жиып жылқыға қарасам жатыр екен", - деп жазды актер Инстаграм парақшасында. Актердің айтуынша, құнанының аяғы морт сынып, өзі аман қалған. Арғымақ иесін ала қашпай, өзін құрбан еткен. "Тұратын ойы жоқ. Тізгіннен тартып әрең тұрғыздым. Сөйтсем, жануардың алдыңғы аяғы тізеден жоғары морт сынып кетіпті. Содан тұра алмай жатса керек. Ананы көріп есенгіреп қалдым. Еріксіз көзіме жас келді. Айналайын-ай,өзінің аяғын сындырып иесін аман сақтап қалған екен ғой. Оның аяғы сынбағанда, иесін сүйретіп өлтіретін еді. Екінің бірі. Ал жануарым, өзін таңдаған екен", дейді ол. Азамат Сатыбалды осы оқиғадан соң жылқы малын одан әрі қадірлей түскенін айтты. "Осыдан кейін жылқыны қалай жақсы көрмейсің. Жылқы малын қалай қадірлемейсің. Ауырпалығымды көтеріп, өзімен алып кетті. Әйтеуір басым аман. Құдайға шүкір. Ең басты байлық бастың амандығы. Амандықтарыңызды тіледім ағайын", - деп тілейді актер. Желі қолданушылары актерге алғысын айтып, сәттілік тіледі. "Бастысы басыңыз аман қалған екен, ат алып қашса да жаман", "Сәттілік болсын әрдайым, жылқыны қадірлейтін нағыз қазаз екенсіз", "Жылқы бәрін түсінеді, жылқы қасиетті жануар ғой", - деп жазды олар.