Адамдар арзан жер аламыз деп тақырға отырды

Адамдар арзан жер аламыз деп тақырға отырды

ашық дереккөзі

 width= Арзан жер аламыз деп тақырға отырды. Алматы облысының отызға тарта тұрғыны не ақшасын, не жер телімін ала алмай жүр. Полицияға шағым түсіргенімен қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан. Ал біраз отбасын сан соқтырған келіншек өзім де алданып қалдым деп отыр. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Райымбек ауылынан арзан жер аламыз деп 20-дан астам тұрғын тақырға отырды. 5 соттық жердің құны небәрі бір жарым миллион теңгеден саудаланып жатқанын естігенде бірден алуға келісіп, құнын да төлеген екен. Бірақ арада екі жыл өтсе де қолдарына ешқандай құжат берілмеген. Самат КҮРБИЕВ, Райымбек ауылының тұрғыны: «Туысқандарымызбен 5 участок алдық. 5 соток учаскелер бір жарым миллионнан. Документтер бір айдың көлемінде дайын болады деді. Задаток берсін деді. Задаток 500 мыңнан бердік. Содан кейін әне документ болады, міне болады деп созылып кетті». Ұзақ уақыт күткен тұрғындар бір шикіліктің барын сезіп, өздерінше тексеруге кіріскен. Алайда ол жердің мүлде басқа біреуге тиесілі және банкте кепілде тұрғанын анықтаған. Осыдан кейін бірден адвокат жалдап, берген қаражаттарын қайтарып алғысы келіпті. Шынқуат БАЙЖАНОВ, адвокат: «Ол жердің барлығы басқа адамдікі екені кейін белгілі болды. Олар бұл жерді банкке кепілге қойып тастаған. Осы кісілердің атынан Қарасай аудандық прокурорына шағым келтірдім». Ал бұл істі прокуратура тоқтатып, қылмыстық істен азаматтыққа ауыстырған екен. Бұған наразы жұртшылық әділ жазаның болуын талап етуде. Енді облыстық прокуратураға арыз жазбақшы. Ал "жұртты алдап соқты" деген жеке кәсіпкермен байланысқанымызда ол өзінің де жәбірленушілер қатарында екендігін хабарлады. Әлия САҒЫНДЫҚОВА, жеке кәсіпкер: «Ол жерде мен де жәбірленушімін. Медеу ауданы қарастырып жатыр. Арыз жазылған. Мен заңды түрде жәбірленуші болып танылдым. Енді сот болады деп ойлаймын. Қазіргі сәтте тұрғындар енді мына кісі ақшаны қашан, қай уақытта қайтарып береді деп жүрген болар. Олар жақын уақытта қайтарып береді деп ойлаймын. Содан кейін мен ол кісілерге қайтарамын». Делдал болып, біреудің жерін өзгеге сатып пайда көріп жүрмін деген азаматша енді соттың шешімін күтіп жүр. Ал бұл тақырып бойынша облыстық прокуратураға сұрау салдық. Әзірге ресми жауап берген жоқ.

Жүктелуде...