Қазақстанда өнімдер импорты бойынша заңнаманы бұзған 1969 оқиға тіркелді
Қазақстанда өнімдер импорты бойынша заңнаманы бұзған 1969 оқиға тіркелді
Жыл басынан бері Ауыл шаруашылығы министрлігінің мемлекеттік инспекторлары республиканың фитосанитарлық бақылау бекеттерінде 88 мыңнан астам көлік құралын, оның ішінде 68 мыңға жуық автокөлік, 17 мың вагон, 4 мың әуе және 100-ден астам теңіз бен өзен кемелерін тексерді, - деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі "ҚазАқпарат" сайтына сілтеме жасап.
Жыл басынан бері импортталған өнімдерді тексеру нәтижесінде өсімдіктер карантині саласындағы заңнаманы бұзу бойынша 1969 оқиға анықталды. Оның ішінде карантинге жатқызылған өнімдерге фитосанитарлық сертификаттың жоқтығы бойынша - 1522 оқиға, карантиндік нысандарды анықтау бойынша - 29 оқиға, фито-сертификаттар сәйкессіздігі - 36, фитосанитариялық талаптарды бұзудың - 96 және тыйым салынған өнімді әкелудің 5 фактісі тіркелді.
555 жағдайда карантинге жатқызылған өнім жүк жөнелтуші елдерге қайтарылды, тағы 9 жойылды. Сонымен қатар, 1,5 мың жеке және заңды тұлғаға 91 895 338 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Өсімдіктер карантині заңнамасын бұзғаны үшін жүк жөнелтуші елдерге 177 нотификация жіберілді.
Биыл Қазақстанның өсімдік шаруашылығы өнімдерінің экспорты - 7 млн тоннаға жуық, ал республикаға импорт 1,6 млн тоннаны құрады.
Фитосанитарлық бақылау қызметінің жұмысы 2019 жылдың 28 қазанында Қазақстанда «АӨК реттеу мәселелері бойынша ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданған соң айтарлықтай жақсарды. Жаңа заңнама өсімдіктер мен өсімдік шаруашылығын қорғауды нығайту мақсатында өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың қызметін кеңейтті.
Естеріңізге сала кетейік, мемлекеттік карантиндік фитосанитариялық бақылауды фитосанитариялық бақылау бекеттерінде өсімдіктер карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторлар жүзеге асырады. Олардың қызметі Қазақстан Республикасының аумағына карантин өнімдерінің әкелінуі мен таралуына жол бермеуге бағытталған. Қазір республикада 26 сыртқы және 52 ішкі фитосанитариялық бақылау бекеті жұмыс істейді. Атап айтқанда, РФ және ҚР шекаралас аймақтарда карантин бақылауын күшейту үшін 32 бекет ашылды.