Педофилды 2,5 жылға бас бостандығынан айырды: жеңіл жазаға қазақстандықтар наразы
Педофилды 2,5 жылға бас бостандығынан айырды: жеңіл жазаға қазақстандықтар наразы
Әлеуметтік желіде қазақстандықтар 12 жастағы қызбен жыныстық қатынасқа түскен Орал тұрғынына кесілген үкімге наразылық білдіріп жатыр, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтына сілтеме жасап.
Қылмыстық іс "Жас баланы зорлаудан" "16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау" бабына ауыстырылды. Содан кейін сотталушыға екі жарым жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Сот бұл шешімді шығару барысында алқабилердің нені басшылыққа алғанын түсіндірді.
"Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы, "Зорлау" – жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып жыныстық қатынас жасау. Күш қолдану мен қауіп төндірудің не екені түсінікті. Дәрменсіз күй – жәбірленуші белгілі бір себептерге байланысты қарсылық көрсете алмайтын жағдай. Оның ішіне 14 жасқа дейінгі бала да кіреді. Мұндай жағдайда қылмыскердің жәбірленушінің жасы туралы білуі өте маңызды", - деп "Мой Город" басылымы сот өкілінің түсініктемесінен үзінді келтірді.
Сотталушы, Орал қаласының 21 жастағы тұрғыны істі алқабилердің қарауын сұраған. Бұл іс бойынша он алқаби шешім қабылдады, оның ішінде жеті әйел, үш ер адам бар. Шешім көпшілік дауыспен қабылданды.
"Алқабилер үкіміне сәйкес, сотталушы жәбірленушінің 14 жасқа толмағанын білмеген. Сонымен қатар жыныстық қатынасқа ерікті түрде түскен. Заң судьяға алқабилер шешіміне ықпал етуге тыйым салады. Алқабилердің ішінде кімнің қалай дауыс бергені жарияланбайды. Бұл – кеңесу бөлмесінің құпиясы", - деп хабарлады сот.Үкім заңды күшіне енген жоқ және шағым берілуі мүмкін. Айта кетейік, бұған дейін алқабилер жыныстық қатынасқа қыз өз келісімін берген деген тұжырым жасады. Сондай-ақ, қыздың психикалық және физиологиялық дамуына байланысты жыныстық қатынастың мәнін түсінетіні айтылды. Алқабилер ер адамның кәмелетке толмаған баласының бар екенін, сондай-ақ бұрын-соңды сотты болмауын жазаны жеңілдететін мән-жай деп таныды. Олар сотталушыны бас бостандығынан айыруға еш негіз жоқ деп есептеді, сол себепті алқабилер дауыс беріп, ер адамды 2,5 жылға бас бостандығынан шектеу туралы үкім шығарды.