17 шілдеден бастап 42 500 теңге бойынша өтініштер қабылданады
17 шілдеден бастап 42 500 теңге бойынша өтініштер қабылданады
Шымкентте карантин режиміне байланысты табысынан айырылған азаматтарға берілетін 42 500 теңге көлеміндегі бір реттік әлеуметтік көмекті алу үшін өтініш беру 17 шілдеден бастап қабылданады. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Орталық Коммуникациялар алаңында өткен брифингте мәлім етті, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі.
«Өтініштер ертеңнен бастап қаралады. Біріншіден, жалпы негізгі қағида бойынша 42 500 теңге жұмыс жасап жүріп, карантин шектеулері әсерінен табысынан айырылған азаматтарға төленеді. Жалдамалы жұмыскерлер осы шектеуге қатысты кезектен тыс демалысқа кетсе, оның атынан өтінішті жұмыс беруші береді. Жеке кәсіпкерлер немесе жеке практикамен айналысатын азаматтар өтінішті өздері береді. Бұл жолы олардан бірыңғай жиынтық төлемге қатысты анықтама сұрамаймыз. Өз бетінше жұмыспен айналысып жүрген фрилансер азаматтарға да 42 500 теңге алу үшін өтініш бере алады. Бұл жолы оларға бірыңғай жиынтық төлем жасаудың қажеті жоқ. ТЖ кезінде төленген төлемді ескереміз», – деді ол.
42 500 теңгені мемлекет тарапынан төлем алып жүрген азаматтар ала алмайды.
«ТЖ кезінде бір реттік бірыңғай жинақ төлемін төлегендердің ішінде 42 500 теңгені мемлекет бюджетінен зейнетақы, жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек пен сақтандыру қорынан көмек алып жүрген кісілер алмайды. Оны дұрыс түсініңіздер, олар бейресми жұмыс істеген топ қатарына қосылмайды. Жеке кәсіпкер болса алуға мүмкіндігі бар. Алғашқы төтенше жағдай кезінде жұмыссыз болып, 42 500 теңгені алып, бірақ қазір ресми жұмыс істеп жүргендерге төлем аударылмайды. Жұмыс беруші кәсіпорындардың карантин режиміне байланысты жұмысын тоқтатқанын аудандық штабтар тексереді. Жұмысшылардың өздері тапсырыс беріп әуре болмасын. Ол өтініш порталдан өтпейді. Жұмыс беруші өтініш бергеннен кейін Enbek.kz порталынан өз мәртебелеріңізді көріп отырасыздар. Жеке практикамен айналысып жүрген азаматтар Телеграм-бот арқылы жібереді. «Каспий банк» пен «Халық банк» өтініштер қабылдауға әлі дайын емес. Әр порталға бір-бір өтініш тастамауды сұраймыз», – деді министр.