Алматыдағы мектеп директоры педагогтерді қолдау үшін праймеризге қатысады
Алматыдағы мектеп директоры педагогтерді қолдау үшін праймеризге қатысады
Праймериз термині отандық сайттарда жиі айтылып жүр. Оған себеп - партиялардың ішкі іріктеу сайлауын өткізуі.
Барлық қалада праймеризге қатысу үшін тіркелу жұмыстары басталып кетті. Алматы қаласында тіркелу жұмыстары жалғасып жатыр. Nur Otan партиясынан үміткер ретінде Алатау ауданы 169 мектеп лицейінің директоры Гүлжан Бекенова өз кандидатурасын ұсынған болатын. Оның мақсаты – отандық мұғалімдер мен көпбалалыларды қолдау, деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі.
Гүлжан Бекенова праймеризге қатысу арқылы еліміздегі білім саласына өз үлесін қосқысы келетінін айтты.
«Биыл Елбасы өте жақсы қаулы қабылдады. Праймериз осы сайлауға қатысуға деген зор мүмкіндік іспетті. Бұл - ашық сайлау. Кез келген азамат өзінің кандидатурасын ұсынып, мақсаттары мен жоспарларын орындауға мүмкіндік алады. Өзімнің білім саласында жүргеніме 28 жыл болды. Бұл сайлауға, қолымнан келгенше, білім саласын жандандырып, ұстаздарға құрмет пен қолдау көрсету мақсатында қатысып жатырмын», - деді мектеп директоры.
Гүлжан Бекенованың праймеризден күтетіні – ашықтық пен мемлекеттің дамуы.
«Бұның бәрі елдің болашағы үшін. Праймеризден көп нәрсе күтуге болады. Праймериз кезінде кандидатура ұсынған әрбір лидер мемлекеттің дамуына, қай саладан түсті, сол саланы дамытуға өздерінің үлкен үлесін қосады, халыққа адал қызмет етеді. Елдегі шешілмей жатқан мәселелер осы праймериздің арқасында шешіледі», - дейді ол.
Мектеп директоры праймеризге қатысу арқылы білім саласындағы қиындықтарды жойғысы келеді.
«Өзім тұрып жатқан Алатау ауданы туралы айтар болсам, бізде 26 мектеп бар. Бұл тұрғындарға аздық етеді. Бала санының көптігіне байланысты мектептің тапшылығы орын алып жатыр. Ел сенімін ақтап, праймеризден өтсем, мектептердің салынуына басты назар аударар едім. Одан кейін мемлекеттік балабақшаларды да көбейту жоспарымда бар. Сонымен қатар ауданымызда демалатын орындар мен балалар ойнайтын алаңдар, спорт алаңдары да тапшы. Соны қолға алмақпын. Негізгі капиталды еліміздің болашағы деп балаларға құяр едім. Көпбалалы аналардың отбасына да қолдау көрсету – басты мақсатым болмақ», - деді Бекенова.
Ол праймеризді жаңашылдық деп бағалайды. Сонымен қатар мектеп директоры осындай ашық сайлауды қолдайтынын да жасырмады.
«Мен праймеризге қарсы емеспін. Бұл негізінен жастарды қолдау. Қазіргі жастар заман талабына сай дамыған. Сәйкесінше біз де дамып жатырмыз. Жастар осы праймериз секілді жаңа форматты қалайды. Олар ақпаратты тез меңгереді, әлеуметтік желілерде де белсінділікке ие. Праймериздің жаңашылдығы да сондай заманауи жастарды тарту. Олар қазірден елдің қамын ойлап, қызмет атқарса он жылдан кейін нағыз лидер болады деп ойлаймын», - деп Гүлжан Бекенова сөзін қорытындылады.
Еске сала кетейік, праймеризге іріктеудің алғашқы күнінен бастап 4 691 белсенді өз кандидатурасын ұсынды. Оның 2 526–сы тіркелді. Олардың 35%-ы әйелдер болса, 23,5%-ы 35 жасқа дейінгі жастар. Сондай-ақ 82 көпбалалы ана кандидатураларын ұсынды.