Көктем шыға далада шыбын-шіркей мен маса көбейетіні белгілі. Оның үстіне, қанмен қоректенетін маса ауру таратушы жәндік саналады.
Ал оның COVID-19 инфекциясын тарату мүмкіндігі қандай?
Коронавирус індеті тарай бастаған кезде қытай ғалымдары жануарлар мен жәндіктерге тәжірибе жасап, қандай тіршілік иелерінің ауру таратуға мүмкіндігі бар екенін зерттеді. Қытай ғалымдарының айтуынша, маса мен шыбын-шіркей коронавирус індетін тарата алмайды. Сондықтан одан қорқудың қажеті жоқ.
- Масалардың инфекция тарататыны белгілі. Безгек, сары безгек, денге сынды ауруларды таратады. Алайда коронавирусты маса таратады деген ғылыми дерек жоқ. Мәселен, коронавирусқа шалдыққан адам алақанына түшкіріп, оған маса келіп қонып, вирусты іліп әкетуі мүмкін десек те, шындыққа жанаспайды, - дейді Ресей ғалымы, энтомолог, жәндік өсіру маманы Юлия Ловцова URA.ru басылымына берген сұхбатында.
Жақында қытай ғалымдары коронавирусты ит пен мысық жұқтыра алмайды деген пікірді жоққа шығарды. Ауру ошағы болған Ухань қаласында коронавирус жұқтырған он шақты мысық табылған.Ғалымдар Ухань қаласының көшесінде жүрген қаңғыбас 100 шақты ит пен мысықтың талдамасын алып зерттеп, зерттеуге алынған жануарлардың 15 пайызында коронавирус инфекциясын жойған антидене тапқан. Яғни, бұл жануарлар коронавируспен ауырған деген сөз. Одан бөлек, ғалымдар жануарлардың коронавирусты бір-біріне жұқтыратынын, бірақ адамға жұқтыра алмайтынын айтады. Инфекция жұқтырған мысық та адам сияқты қиналып ауыратын көрінеді.
Massaget.kz