Мектеп-интернатта бала қайтыс болды
Мектеп-интернатта бала қайтыс болды
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің Instagram-дағы ресми парақшасында Семей қаласындағы Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернатында бала қайтыс болғаны туралы жазылды. Бұл туралы NewsRoom+ Ақпарат агенттігі Aikyn.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
«Облыстық білім басқармасының ақпараты бойынша, 17 тамызда Семей қаласының «Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернат« КММ тәрбиеленушісі қайтыс болды. Бала өлімінің алдын ала көрсетілген себебі – бас миының ісінуі.
Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасы бойынша мәселені егжей-тегжейлі тексеру үшін арнайы комиссия құрылды. Оны ШҚО әкімінің орынбасары Әлішер Мархабат басқарады. Жұмыс тобының құрамына қадағалау және құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау басқармасы, ТКҚСҚБД, сондай-ақ қоғам өкілдері кірді.
Әр баланың өлімі – қайғылы жағдай. Сондықтан әр жағдайды толыққанды зерделеп, зерттеу қажет. Айта кету керек, аталған мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында» делінген ресми хабарламада.