Қыздар университетінің ғылымдағы қол жеткізген табыстары

Қыздар университетінің ғылымдағы қол жеткізген табыстары

ашық дереккөзі

12 сәуір – Қазақстан Республикасының ғылым саласы қызметкерлерінің күні. Атаулы дата қарсаңында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ресми өкілі – баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан оқу орнының ғылыми әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізген табыстарға шолу жасады. Біріншіден, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры ұйымдастырған республикалық байқауда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымдар Кеңесі үздік деп танылды. Дәстүрлі конкурсқа еліміздің ғылыми ұйымдары мен жоғары оқу орындарындағы жас ғалымдар Кеңестері қатысқан. Конкурстық комиссия жеңімпазды анықтау барысында ұйымның белсенділігі мен жұмыс нәтижелілігі, Кеңестің жүзеге асыратын шараларының ерекшелігі мен маңыздылығы сынды критерилерге сүйенген. Комиссия шешімі бойынша Қыздар университетінің жас ғалымдар Кеңесі барлық талаптар бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, жүзден – жүйрік шықты. Жеңімпаз ұйым арнайы дипломмен және өз қызметін қолдау мен дамытуға арналған грантпен марапатталды. Конкурс жас ғалымдар Кеңесінің қызметін дамытуға септігін тигізеді. Байқаудың мақсаты – жас ғалымдардың бастамаларын қолдау, сондай-ақ олардың ғылыми бастамалары мен жобаларын жүзеге асыруға көмек көрсету. Екіншіден, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жас ғалымдары «Bi0,1Dy0,9MnOқұрамды висмутпен допирленген диспрозий манганитін алу жолы» атты патентке ие болды. Инновациялық өнертабыс наноқұрылымды бейорганикалық материал синтездеп алғаны үшін беріліп отыр. Химия ғылымдарының докторы, профессор Мұхаметқали Матаевтың жетекшілігімен Жаратылыстану факультетінің жас оқытушылары бірнеше жылдан бері оқу орнындағы Кешенді химия-биологиялық ғылыми-зерттеу орталығында тәжірибе жүргізіп келеді. Табанды еңбек пен ізденіс босқа кеткен жоқ. Ғылыми ортада мойындалды, айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді. Өнертабыс перовскит құрылымы бар жаңа қатты ерітінділерді алу технологиясына жатады және химиялық өнеркәсіпте қолданыс табады. Сонымен қатар ол спинтроника элементтерін жасау кезінде және ақпаратты жазатын магниттік тасымалдағыштардың тығыздығын арттыру үшін пайдаланылады. Осы орайда айта кетейік, бұл ғылыми топ  иеленген екінші патент. Ғалымдар бұған дейін «YbBiNaFeOқұрамды висмутты – ферритті алу жолы» атты өнертабысқа ие болған еді. Ол наноқұрылымды бейорганикалық материалды синтездеп алғаны үшін берілген. Үшіншіден, жақында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ғалымдары тағы екі өнертабыс патентіне ие болды. Химия ғылымдарының докторы, профессор Болат Жиембаев жетекшілік жасаған топ құрамында оқу орнының докторанттары, Қазақ ұлттық аграрлық университеті және Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері мен ізденушілері болды. Ғалымдардың айтуынша, ғылыми өнертабыс пайдалы модель жаңа фосфорорганикалық қосылыстарды синтездеп, ауыл шаруашылығы саласында көкөністердің өсуін реттеуші ретінде пайдалану үшін беріліп отыр. Төртіншіден, 2018-2020 жылдары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі өткізген конкурсқа Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен 37 ғылыми жоба ұсынылып, оның ішінде 4 жоба қаржыландыру мүмкіндігіне ие болды. Аталған жобалар Орыс тілі мен әдебиеті, Химия, Физика, Информатика және қолданбалы математика, Қазақ тіл білімінің теориясы мен әдістемесі кафедраларында орындалуда. Бесіншіден, 2019 жылы республикалық және шетелдік ғылыми басылымдарда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің профессор-оқытушыларының 669 мақаласы жарық көрді. Алтыншыдан, өткен жылы Қыздар университетінің профессор-оқытушыларының 15 монографиясы жарық көрді. *** Ғылыми жобалар байқауы мен конкурстарда жеңімпаз атанған студенттер – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Жаратылыстану факультетінің 1 курс студенті Екатерина Горбуличева республикалық «Үздік студент» жобасының жеңімпазы атанды. – «Цифрлы Қазақстан жағдайында үздіксіз педагогикалық білім беру жүйесін модернизациялау: өзекті мәселелер және шешу жолдары» атты ІІ Республикалық педагогикалық оқулар байқауында  «Үздік ғылыми инновациялық жоба» аталымы бойынша Қыздар университетінің Педагогика және психология факультетінің студенттері Айым Мұхамеджанова, Надира Қасымова, Жұлдыз Амантай, Гүлнұр Сайлау және Құндызай Басыбектің жобасы жоғары баға алып, I дәрежелі дипломға лайық деп танылды. – Педагогика және психология факультетінің 3 курс студенті Әсия Багирова республикалық ғылыми жобалар байқауында жеңімпаз атанды. – Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 2 курс студенттері Динара Рысжан мен Нұрай Айтбайқызы «Жылдың үздік студенті» республикалық ғылыми байқаудың жеңімпазы атанды. – «ZIAT» ғылыми-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өткен «Ғылыми шолу» атты студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің 1 курс студенті Аида Сейітқазинова екінші орын алды.  Жаратылыстану факультетінің студенттері өсімдік майынан биоотын алудың тиімді жолдарын ойлап тапты. Назерке Халел мен Муниса Сайдиганиеваның «Күнбағыс майынан биоотын алудың маңызы» тақырыбындағы ғылыми жобасы алғаш рет «Фараби әлемі» атты жас ғалымдар мен студенттердің халықаралық конференциясында  таныстырылып, үшінші орынға ие болды. – Өнер және мәдениет факультетінің 3-курс студенті Ардақ Сексенбаева Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының шәкіртақысына ие болды.  Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Жаратылыстану факультетінің 2 курс студенті Аида Молдағалиева «XXI ғасыр көшбасшысы» атты халықаралық үздік студенттер ғылыми байқауының жеңімпазы атанып,  «Жылдың үздік студенті» номинациясын алды.

Жандар АСАН,

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі

Жүктелуде...