Түркістан облысы полицейлері «Таза Қазақстан» жедел-профилактикалық шарасы аясында 1250 құқықбұзушылықты анықтады
Түркістан облысы полицейлері «Таза Қазақстан» жедел-профилактикалық шарасы аясында 1250 құқықбұзушылықты анықтады
Түркістан облысында тәртіп сақшылары карантин кезеңінде табиғат қорғау заңнамасы мен экологиялық нормаларды сақтауға бағытталған төрт күндік "Таза Қазақстан" жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді, - деп хабарлайды NewsRoom+ Ақпарат агенттігі.
Түркістан облысында тәртіп сақшылары карантин кезеңінде табиғат қорғау заңнамасы мен экологиялық нормаларды сақтауға бағытталған төрт күндік «Таза Қазақстан» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Оның негізгі мақсаты — қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экологиялық құқықбұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ мүдделі органдармен бірлесіп, адамдар көп жиналатын жерлерде: саябақтарда, өзендер мен су қоймаларының жанында экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтау мақсатында профилактикалық рейдтік іс-шаралар өткізу болып табылады.
Түркістан облысы бойынша полиция қызметкерлері мен экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің өкілдерінен құралған мобильдік топтар Сайрам, Ордабасы аудандары мен Кентау қаласының жанында рейд жүргізді. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар мен еріктілер жағалауды қоқыстан тазарту акциясына қатысты.
Мысалы, Кентау қаласының аумағында орналасқан Қарашық өзенінің жағасындағы рейдтік іс-шаралар кезінде тәртіп сақшылары ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы «ортақ су пайдалану ережелерін бұзу» бойынша 15 тәртіп бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты. Сондай-ақ, жергілікті тұрғындармен карантиндік шараларды міндетті түрде сақтау, бетперде кию және әлеуметтік қашықтықты сақтау туралы түсіндіру әңгімелері өткізіліп, қоғамдық орындарды ластауға жол бермеу туралы 40 жадынама таратылды.
«Таза Қазақстан» жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысы бойынша Түркістан облысы ПД ЖПҚ қызметкерлері табиғатты қорғау заңнамасындағы 1250 құқықбұзушылықты анықтады. Оның ішінде 139 жайт алкоголь ішу және мас күйінде қоғамдық орында болу, 95 жайт рұқсат етілмеген орындарда сауда жасау, 19 жайт аумақты абаттандыру ережелерін бұзу және жасыл желектерді зақымдау және 765 ортақ су пайдалану ережелерін бұзу фактілері.
Сонымен қатар, табиғатты қорғау полицейлері балық аулау ережелерін бұзудың 6 фактісін, жалпы пайдалану орындарын ластаудың 13 фактісін және су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзудың немесе орындамаудың 211 фактісін анықтады. Оған қоса, атыс қаруын сақтау және тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 2 тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Полиция қызметкерлері жалпы көлемі 1,5 миллион теңгеге жуық әкімшілік айыппұл салды.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері азаматтарды табиғат қорғау заңнамасын сақтауға және табиғатты қорғауға шақырады.