Жаңалықтар

5G желісін қолданғандардың мұрнынан қан кеткен: жалған ақпарат

5G желісін қолданғандардың мұрнынан қан кеткен: жалған ақпарат

 width= "Қазтелерадио" 5G желісін сынау туралы ақпаратты жоққа шығарды. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Stopfake.kz сілтеме жасап хабарлайды. Қазақстандық интернет пайдаланушылар 5G желісінің сынақтан өткізілетіні және осыған байланысты теле және радиохабар тарату тоқтатылатыны туралы аудио тарағанын айтқан. Роликтің авторы қазақстандықтарды интернетті пайдаланбауға үндейді. Оның пікірінше, бұл денсаулыққа зиян болуы мүмкін.
"Кейбірінің мұрнынан, құлағынан қан кеткен. Қыздар, осы 5-6 күнде кешке жұмыстан келген соң кітап, журнал оқысақ ештеңе етпейді. Теледидар көрмеңдер, телефонға жақындамаңдар, ештеңені қоспаңдар, сонда балаларыңның, немерелеріңнің денсаулығын сақтап қаласыңдар. Бұл шынайы ақпарат, нақты ақпарат, өйткені мемлекет нақты не болатынын айтпайды. Менің айтқанымның болатыны рас", - делінген аудиожазбада.
"Қазтелерадио" бұл ақпараттың жалған екенін айтып отыр. Ұлттық оператор хабар тарату сапасын жақсарту үшін жоспарлы алдын алу жұмыстарын тоқсан сайын жүргізеді.
"Құрметті абоненттер, қазіргі кезде whatsapp мессенджері арқылы жерсеріктік және эфирлік телерадиохабар тарату желілерінде жоспарлы алдын алу жұмыстарын жүргізуге қатысты жалған ақпарат таратылып жатыр. Дүрбелеңге бой алдырмауға және тек ресми ақпаратқа ғана сенуге үндейміз", - делінген хабарламада.
"Қазтелерадио" АҚ тоқсан сайын жерсеріктік және эфирлік желілердің техникалық құралдарында сервистерді жаба отырып, жоспарлы-профилактикалық жұмыстар жүргізеді. Бұл жұмыстар телерадио хабарларын сапалы таратуды қамтамасыз ету үшін қажет. Жоспарлы-техникалық жұмыстардың өткізілетіні туралы ақпаратты Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі растады.
"Фейк және қасақана жалған ақпарат тарату заңмен жазаланады. Ақпаратты басқаға жібермес бұрын оның ресми және шынайы екенін тексеру керек. Тек ресми дереккөздерге ғана сеніңіздер", — делінген ақпаратта.