Бейжіңде «ШЫҰ үлгісі» интерактивті ойыны өтті

29 Сәуір, 2018 1050 0

27 сәуір күні Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы Хатшылығының «Астана» залында дәстүрлі «ШЫҰ үлгісі» интерактивті ойыны өтті, деп хабарлайды ҚазАқпараттың Қытайдағы меншікті тілшісі. Сайысқа ШЫҰ мүше мемлекеттердің азаматтары, ҚХР, Ресей елшілігі жанындағы орта мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты. Бір жарым сағат ішінде балалар ШЫҰ мүше мемлекеттердің Ұлттық үйлестірушілері отырысының жұмысын үйлестірді, аймақтағы бейбітшілік пен тұрақты дамуды қамтамасыз етудегі өзара әрекеттестік бағыттарын талқылады, көпжақты ытнымақтастықты дамыту бойынша ұсыныстар жасады. Бұл ойын Ұйымдағы маңызды шара - 9-10 маусым күндері Циндао қаласында өтетін ШЫҰ саммитіне арналып отыр. «Соңғы екі ай бойы «ШЫҰ үлгісі» ойынына дайындалдық, өзекті халықаралық мәселелерді талқылап, олардың шешімін таптық. Бұл ойын болашақта мамандық таңдауымызға да септігін тигізеді», - деді қазақстандық оқушы Жәния Қадырова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Ойын соңында ШЫҰ Бас хатшысы Рашид Алимов жас дипломаттардың пікірталасының қызықты өткенін атап өтті. «ШЫҰ үлгісі» біздің ортақ дәстүрімізге айналды. Осының мысалында «Шанхай рухы» ұстанымында біздің ізімізді басатын дипломаттардың өсіп келе жатқанын көрдік. Біз халықаралық қарым-қатынастар жүйесінде түбегейлі өзгерістер болып жатқан кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бұл жағдайда ШЫҰ мүше мемлекеттер парасатты және салмақты саясат жүргізіп келеді», - деді ол. Интерактивті ойынға белсенді қатысқан балалар Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Тегтер: шос, шыұ, қытай, бейжің

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.