«Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың праймериздің басталуына байланысты үндеуі
«Nur Otan» партиясының төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың праймериздің басталуына байланысты үндеуі
Құрметті отандастар!
Пандемия салдарынан Қазақстан бүкіл әлем елдерімен бірге күтпеген қиындықтарға тап болып, жаһандық дағдарыстың ең қиын кезеңін бастан өткеруде.
Әлеуметтік-экономикалық ахуалдың күрт нашарлауы нәтижесінде дамыған мемлекеттер де дағдарыспен күресуде.
Мұндай жағдайда кез келген үкіметтің алдында тұрған ең өзекті мәселе – экономиканың дамуы және ел азаматтарының денсаулығы.
Бізге халықтың қауіпсіздігі мен амандығы үшін бар күш-жігерімізді салу маңызды.
Сондықтан Президентіміз, Үкіметіміз көп шараларды қолға алып жатқанын білесіздер.
Осы орайда медицина қызметкерлеріне ерекше алғысымды білдіремін.
Олар пандемияның алғашқы күндерінен бастап коронавирусқа қарсы күрестің алдыңғы шебінде жүр.
Еріктілерге де алғысым шексіз.
«Біз Біргеміз!» акциясы аясында ғана «Jas Otan» барлық мұқтаж жандарға қолдау көрсеткен бес мың еріктінің басын біріктірді.
Әрине, кемшіліктер де болды.
Коронавирус дағдарысы мемлекеттік басқарудың кейбір салаларында олқы тұстар бар екенін де көрсетті.
Жедел әрекет ету жағы жетіспей жатты, мәселенің шешілуі бюрократиялық кедергілерге кеп тірелді.
Мемлекеттік органдар мен кейбір басшылар халықтың нақты проблемаларын жете сезінбейді деген сын айтылып жүргенін мен жақсы білемін.
Бұл барлық деңгейдегі депутаттардың да жұмысына қатысты.
Оны көбіне орынды сын деп есептеймін.
Депутаттар халықтың ортасында болып, елдің мұң-мұқтажын жеткізуге тиіс.
Депутаттардың міндеті – әрдайым ел мүддесін қорғау. Осыны ұмытпауымыз керек.