Бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде «Nur Otan» партиясының партияішілік праймеризі басталды. Саяси науқанның алғашқы күні Түркістан облысында сағат 19.00-дегі мәлімет бойынша 40-қа жуық адам праймеризге қатысу жөнінде өтініш беріп, ұйымдастыру комитетіне тіркелді. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Праймеризге қатысуға өтініш бергендердің үшеуі – әйелдер. Бұл өңірде қыз-келіншектердің қоғамдық-саяси өмірге белсенді атсалысып жатқанын көрсетеді. Сонымен бірге үміткерлер қатарында 35 жасқа дейінгі 17 жас өрен бар. Кейінгі буын жастардың жетекші партия бастамасын қолдап, праймеризге қатысуы бұл саяси доданың маңызды екенін аңғартады.
Праймеризге тіркеудің алғашқы күні, яғни 17 тамызда Сайрам ауданы тұрғындарының белсенділігі жоғары болды. Мұнда 5 азамат үміткер ретінде тіркелді. Сонымен бірге Ордабасы, Сарыағаш, Келес, Түлкібас және Сарыағаш аудандарында да праймеризге қызығушылық жоғары. Бұл аудандарда 4 үміткердің құжаттары қабылданған.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаев өңірде праймеризге дайындық талапқа сай жүргізілгенін атап өтті. Кадрлық резервте әйелдердің үлесін кем дегенде 30, ал жастардың үлесін 20 пайызға жеткізу бастамасын қоғам тарапынан қолдауға ие болғанына тоқталды.
«Партия Төрағасы, Елбасы Н.Назарбаевтың «Сенім. Диалог. Болашаққа нық қадам – «Nur Otan» партиясының 7 серпіні» атты партия жұмысын жүйелі жаңғырту бағдарламасына сәйкес қолға алынған праймеризде әйелдер мен жастар қауымына да үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Праймериздің алғашқы күні түркістандық жастардың белсенділігі байқалды. Әлі де қатысуға ниет білдіріп жатқандары көп. Біз осы азаматтар арасынан елге жанашыр, нағыз патриоттарды іріктеп алуымыз керек», – дейді ол.
Түркістан облысында «Nur Otan» партиясының 80 мыңнан астам мүшесі, 245 бастауыш партия ұйымы бар.