Нұр-Сұлтан қаласының әкімі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мекемелерде білім алу үшін 2020-2024 жылдарға 793 грант бөлді, деп хабарлайды
NewsRoom+ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Еске сала кетсек, 2018 жылдан бастап елорда әкімдігі қала үшін аса қажет мамандықтар бойынша ЖОО-ларға мемлекеттік тапсырысты орналастыра бастады. Осыған орай, қала әкімінің төрағалығымен тәуелсіз комиссия құрылып, оған қалалық басқармалардың, қоғамдық ұйымдардың басшылары мен кәсіпкерлер палатасының өкілдері кірді.
«Нұр-Сұлтан қаласының әкімі 2020-2024 жылдарға жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға 793 грант бөлді. Конкурстық комиссияның қорытындысы бойынша, мамандарды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары оқу орындарының тізімі анықталды», - деді әкімдіктен.
ЖОО-лар тізімі, мамандықтар және бөлінген гранттар санына қатысты ақпаратпен әкімдік сайтында танысуға болады.
Құжаттар жоғары білім алу үшін 10-20 тамыз аралығында, жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу үшін 24 тамыз - 2 қыркүйек аралығында қабылданады.