Жаңалықтар

Шымкентте жедел жәрдем көрсету станциясының «Call» орталығы жаңғыртылды

Шымкентте жедел жәрдем көрсету станциясының «Call» орталығы жаңғыртылды

Шымкент қаласында халықаралық стандарттарға сай жедел медициналық жәрдем көрсету станциясының «Call» орталығы ашылды. Қалаға жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова және ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният орталықтың жұмысымен танысты,- деп хабарлайды NewsRoom+ Ақпарат тілшісі ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап. Жаңа өзгерістерге сәйкес, стануияның 103 нөміріне түсетін қоңыраулардың барлығын диспетчерлер жаңадан ашылған орталықта қабылдайтын болады. Сондай-ақ, бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы бақылай алады. Бүгінде қоңырау қабылдау орындары екі есеге артқан. Нәтижесінде қала тұрғындары еш кедергісіз жедел жәрдем нөміріне хабарласып, мамандарды шақырта алады. Орталықтағы қоңырауларды басқару үшін PRI арнасының үздіксіз байланыс желісі мен спутниктік бақылау жүйесі (GPS) және мобильді интернет технологиясы қолданылады. Біріктірілген жүйе арқылы операторлар 10 секунд ішінде шақыртуды бригадаға бағыттайды. Сондай-ақ ақпараттық жүйенің көмегімен қаланың картасы бойынша мекенжайларды іздеу, көлік бағыттарының карталарын қадағалау, күту уақыты, қозғалыс жылдамдығы туралы мәліметтерді автоматты түрде бақылауға болады. Ал, шақыртуда жүрген мамандардың жұмысын бақылау үшін 100 жедел жәрдем көлігіндегі қызметкердің бәріне жаңа планшет берілген. Айта кетейік, қала әкімдігі мен «Мейдей Қазақстан» түрік компаниясы арасында жедел жәрдем қызметін жаңғырту жобасы аясында екі жақты меморандумға қол қойылған болатын. Келіссөздер нәтижесінде бірінші кезеңде жедел жәрдем қызметіне 100 жаңа көлік берілген. Екінші кезеңде осы жоба аясында «Call» орталығы әлемдік стандарттар бойынша жаңғыртылып отыр.