Дінбасыға айналған қарақшы

Дінбасыға айналған қарақшы

ашық дереккөзі

 width= «Ұрыны қарақшы тонайды» деген бар.. Ал қарақшыны кім тонайтынын білгіңіз келсе... Бальтазар Косса (1370–1419) деген теңіз қарақшысы өзінің батылдығы мен айлакерлігі арқасында Иоанн XXIII деген атпен бірнеше жыл Рим папасы болған («Рим папасы» бүкіл католиктердің Бас имамы деген сөз). Балтазар Косса бозбала шағынан өзінің туған ағасы, Жерорта теңізі пираттарының көсемі Гаспармен бірге теңіз жорықтарына шығып тұрған. Еш болмаса бір балам білімді болсын деген анасының өтінішін тастай алмай Бальтазар университетке түседі. Қағілез бозбала оқып жүріп те тыныш жүрмеді. Жанына өзі секілді қағынғандарды жинап алып, қарақшы топ құрып, адам тонаушылықпен айналысты. Ақшасы көп бозбала қыз-келіншектер алдында да беделді болды. Римнің кәрі байшыкештердің жас нақсүйерлері Бальтазарды көргенде тізелері дірілдеп қоя беретін. Сөйтіп жүріп ол Яндра делла Скала деген әйелмен шатысады. Ал Инквизиция соты Яндраға «мекер» деп іздеу салған екен. Бір күні Яндра Бальтазармен демалып жатқан жерінен ұсталып түрмеге жабылады. Тәртіп бойынша, Яндра отқа өртелуі тиіс. Бальтазарға тісін қайрап жүрген Римнің бай-бағландары оны түрмеден шығармауға, мүмкін болса отқа өртетуге әрекет жасайтынын сезіп қалған Бальтазар қашып шығады. Ағасы Гаспардың қарақшылары мен өзінің баскесерлерін жинап Бальтазар Яндра жатқан түрмеге шабуыл жасап талқанын шығарады. Нақсүйерін босатқан Бальтазар теңізге кетеді. Бірер жылда ол Испания, Франция, Италияның теңіз жағалауларындағы өңірлерін қалтырататын қарақшылар флотилиясын құрады. Тонаушылық барысында аяшылық жасауды еш білмейтін адмирал Косса, олжаны бөлуге келгенде өте әділ еді. Теңіз қарақшылары арасында капитаннан бастап, юнгаға дейін (юнга – жас теңізші) қанша олжа тиесілі екенін келісім-шартты алғаш Бальтазар жасады. Ол жазған шарт теңіз қарақшылары арасында бірнеше ғасыр күшін жоймаған деседі. Дәуірлеп тұрған адамды құртатын астамшылық Бальтазардың да қарақшылығына нүкте қойды. Бір іірі шіркеуге шабуыл жасап, жұрттан жиналған пітір-садақаның бәрін кемелеріне артып қайтып бара жатқанда дауыл тұрып, барлық кемесі қирайды. Қарақшылар флотилиясынан тек Бальтазар мен оның нақсүйері Яндра, және ең жақын 2 серігі Ринери Гуинджи мен Гуиндаччо Буанакорса бір тақтайға жармасып аман қалады. Онда да қарақшылар құдайға жалбарынып, осыдан аман қалса қарақшылықты доғарып, адам секілді өмір сүруге құдайға уәде берген соң ғана дауыл тоқтапты деседі. Жағада жатқан қарақшыларды жергілікті тұрғындар ұстап алып, сол маңда жорықта жүрген Рим папасы Урбан VI-ге тапсырады. Урбан VI бұл кезде өзін «Рим папасы Климент VII» жариялап, Авиньон қамалына тығылған қарсыласына қарсы күш жинап жатқан еді. Адам танитын Урбан қарақшыларды өз әскеріне қосып алады. Батыл, айлакер және ұйымдастырушылық қабілеті мықты Бальтазар аз уақытта Урбанның қолға түскен қарсыластарын азаптайтын «алашы» міндетін атқарады. Оған қоса теологиялық факультетте алған білімі оны папаның ең жақын көмекшісіне айналдырды. 1389 жылы Урбан VI өліп, оның орнына келген Бонифаций IX папа Бальтазар Коссаға кардинал атағын берді Кардинал Косса өзінің ескі серіктерін де ұмытпады. Аздап қара танитын Ринери Гуинджи епископ, мүлдем сауаты жоқ Гуиндаччо Буанакорса священник лауазымын алды. Ал ескі нақсүйері Яндраны жаңа нақсүйері Им Даверонды улап өлтіруге әрекет жасады деп өлім жазасына кесті. Бонифаций IX папаның да, одан кейін папа тәжін киген Иннокентий VII-ң де өмірлері қысқа болды (айналасы Коссадан күдіктенсе де ашық айтуға ешкімнің дәті бармады). Одан кейін папа болған Александр V бар болғаны 10-ақ ай папалық құрды. Ұзын сөздің қысқасы, 1410 ж. Бальтазар Иоанн XXIII деген атпен Ватикан тағына отырды. Бұл кезде католиктер арасы быт-шыт болып, тіпті 3 папа бар еді. Қарсыластарын жоям деп жүргенде Бальтазардың өз былықтары ашылып қалды. Оған «Шіркеу шендерін сату», «300-ге жуық монах қыздарды, өз шешесін, қарындасын, қыздарын, немере қыздарын зорлаған» деген айыптар тағылып, түрмеге қамалды. Айыптардың ауырлығы Коссаны папа атағынан бас тартуға мәжбүрледі. Косса түрмеде отырғанда Григорий XII мен Бенедикт XIII папалар папалықтан бас тартып Собор Мартин V дегенді Римнің бірден бір папасы деп жариялады. Жаңа папа Мартин V алдына еңбектеп келген Коссаны кешірді. Тіпті кардинал атағын да өзіне қалдырды. «Ұрыны қарақшы тонайды» деген бар.. Қарақшыны кім тонайтынын білгіңіз келсе... Бальтазар Косса папа кезінде қарақшылық пен папалықтан жиған біраз дүниесін атақты Медичилерге өсімге берген еді. Соны сұрап барғанында Медичи «Маған оны папа Иоанн XXIII қалдырған. Сондықтан кардинал Бальтазар Коссаға бір тиын да бере алмаймын» деп бір тиын бермей қойды.. Дегенмен, Бальтазардың өзге дүниесі де жетерлік еді. Ол өзінің Флоренциядағы зәулім сарайында 1419 жылы қайтыс болды..

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ

Жүктелуде...