Жаңалықтар

Бүгін мемлекеттік грантқа ие болғандардың тізімі жарияланады

Бүгін мемлекеттік грантқа ие болғандардың тізімі жарияланады

Жалпы, білім және ғылым министрлігі 2020-2021 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын бекіткен болатын. Бұл туралы NewsRoom+ Ақпарат тілшісі Baq.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. Министрдің бұйрығына сәйкес, 2020-2021 оқу жылына арналған мамандықтар бөлінісінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды, магистрлерді және PhD докторларын даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Құжат бойынша, биыл жоғары білімі бар кадрларды (бакалавр) даярлауға - 53 864 грант бөлініп отыр. Ғылыми-педагогикалық магистратура бағытына - 12 915, бейінді магистратураға - 710 және PhD докторларын даярлауға - жалпы 2 355 тапсырыс бөлінген. Айта кетейік, биылғы ҰБТ 21 маусым мен 1 шілде аралығында өткізілді. Оған қатысуға рекордтық көлемде - 131 754 өтініш тіркелсе, оның 111 113-і, яғни 82 пайызы биылғы мектеп түлектері. Өткен жылы бұл көрсеткіш 12%-ға төмен болғанын айта кеткен жөн. 2020 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу 161 пунктте жүргізілді. Тестілеудің әділ өту барысын қадағалау мақсатында қалалар мен өңірлерге Білім және ғылым министрлігі тарапынан 1 983 өкіл жіберілді. Сонымен қатар ҰБТ барысын құрамына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, Үкіметтік емес ұйым, БАҚ, "Адалдық алаңы" жобалық кеңселерінің өкілдері мен қоғам белсенділерінен құралған Арнайы мониторингтік топ (510 адам) бақылады. Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша, тестілеуге тіркелген азаматтардың 92,1%-ы ҰБТ-ға қатысты, 2019 жылы бұл көрсеткіш 94%-ды құраған болатын. Шектік балды жинаған талапкерлер саны – 82 154, бұл өткен жылғы көрсеткіштермен салыстырғанда бір деңгейде қалып отыр. Жалпы республика бойынша орташа көрсеткіш 64,06 балды құрады, жалпы 2019 жылғы орташа көрсеткішпен салыстырғанда айтарлықтай айырмашылық жоқ (65,5 балл).