Теміртау қаласына жаңа әкім тағайындалды
Теміртау қаласына жаңа әкім тағайындалды
Теміртау қаласына Қайрат Бегімов тағайындалды деп хабарлайды, NewsRoom+ақпарат агенттігі.
Жаңа басшыны қалалық мәслихат депутаттарына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек таныстырды.
"Қайрат Баяндыұлы - тәжірибелі маман. Ол өзінің білімі мен іскерлігін лайықты қолдана алады және мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес жұмысты ұйымдастыра алады деп сенемін. Ғалым Әшімовке жеке алғыс айтқым келеді. Ол қалада бес жыл жұмыс істеді және көптеген мәселелерді шешті", - деп атап өтті Қасымбек.Теміртау қалалық мәслихатының депутаттары кезектен тыс сессияда ұсынылған кандидатураға бірауыздан дауыс берді. Жеңіс Қасымбек оның алдына экология және жұмыссыздық мәселелерін шешу, құрылысты ұлғайту, инвестиция тарту міндеттерін қойды. Қайрат Бегiмов 1968 жылы Қарағанды қаласында туған. Екі жоғары білімі бар: 1992 жылы Қарағанды политехникалық институтын, 2004 жылы Алматы экономика және статистика академиясын бітірген. Біліктілігі бойынша: "өнеркәсіптік көлік инженері", "қызметкерлерді басқару, экономист". Еңбек жолын 1992 жылы "Қарағанды көмір" бірлестігінде жекешелендіру және тұрғын-үй бөлімінің басшысы ретінде бастады. 1993 - 2006 жылдар аралығында Қарағанды қаласы аудандары әкімдіктерінде түрлі қызметтер атқарды. Содан кейін "Қарағанды қаласы ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" ММ басшысы лауазымын атқарды. Қазыбек би ауданы әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары болды. Октябрь ауданының әкімі, Қарағанды қаласы әкімінің коммуналдық мәселелер жөніндегі орынбасары, Қарағанды облысы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Қарағанды облысының Энергетика және тұрғын-үй - коммуналдық шаруашылық басқармасын басқарды. 2018 жылдан бастап бүгінгі тағайындауға дейін Жезқазған қаласының әкімі болды.