Тұрғындар: үйіміз қисайып, тереземіз гуілдейді

Тұрғындар: үйіміз қисайып, тереземіз гуілдейді

ашық дереккөзі

 width= Алматыдағы "Зерделі" ықшам ауданының тұрғындары осылай деп үрейленіп отыр. Өйткені мұндағы көпқабаттағы үйлердің қабырғасы қисайып кеткен. Ал құрылысқа жауаптылар бір айдан бері хабар-ошарсыз кеткен. Нысандардың ауласында құрылыс заттары шашылып, қазылған жерлердің топырағы тау болып үйіліп жатыр екен. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Шетінен қисайып, тұрғындардың зәре-құтын қашырған "Зерделі" ықшам ауданының жұрты тағы да бас көтерді. Бұл жолғы уәждері орта жолда аяқталмай қалып қойған құрылыс. Басталғанына екі айдан астам өтсе де үш аптадан бері жұмысшылар төбе көрсетпеген. Аулада шашылған құрылыс материалдары мен қазылған шұңқыр жетерлік. Тіпті, баспананың қабырғасы сөгіліп сырттан ауа кіретінін де сезе бастадық дейді. Жансая ДҮЙСЕНОВА, Зерделі ықшам ауданының тұрғыны:

"Үйдің дуалдары қабырғаны тесіп шыққан. Әр пәтердің ішінен жырық табуға болады. Терезелеріміз гуілдейді. Енді бүйтіп дәу қылып көрсете алмасақ та, ыстық-суық өзгеріс бар".
Қазылған шұңқырлардың жабылмағаны тіпті қорқынышты. Қолды- аяққа тұрмайтын ойын баласы темірі шығып жатқан жерге түсіп кете ме деп қауіптенуде. Ертелі-кеш балшықты ермек ететіндер, ескертуге құлақ аспайды. Сондықтан тезірек көміп тастаса дейді". Нұрлығайым ОЖЫКЕНОВА, Зерделі ықшам ауданының тұрғыны:
"Мынау ма орналастырғаны?. Бір айда бітіреді деген, бір ай емес, үш ай болды, біткен жоқ әлі. Ал мұнда қариялар жоқ па, қариялар да бар, көпбалалылар бар, жас баласы бар, жүре алмайтындары да бар. Мына жерден жүру деген мүмкін емес. Ал енді осы жаздың мынандай жақсы уақытында бітпеген дүние, қыстың қай жерінде бітіреді. Сол уақытта мынау ұстай ма, ана цемент ұстай ма, жөндеген жолдың асфальттары ұстай ма? Ұстамайды ешқайсы да".
Қазір көпшілігі баспанасына кіруге қорқамыз дейді. Себебі, үйдің есігі әзер ашылып-жабылады деп отыр. Ол аздай іштегі сырлы кірпіштерінің де уақытына жетпей сынып, шашылып жатқандығын алға тартты. Несиесі мен коммуналдық қызметін кешіктірмей төлейміз дегендер, алған пәтерлерінің сапасыз екендігіне қынжылады. Ал, шілде айында бұл мәселе төңірегінде қала әкімі Бақытжан Сағынтаев тікелей эфир барысында былай деп айтқан еді. Бақытжан САҒЫНТАЕВ  қала әкімі:
"Қисайған үйдің қасындағы екінші үй жұмыстары жүргізіліп жатыр, Негізі 6 үй есептелген қателеспесем. 6 үй осындай жағдайдағы. Қазір 1 үй бітті, екінші үй жүргізіп жатыр, қалған сол 4-5 үйге қазір қаржы көзі қарастырылып бөлінеді де, қалған 5 үйді қайта қалпына келтіру жұмысы жүргізілетін болады".
Иә, қала әкімі сол уақытта айтқан үйдің өзі әлі күнге дейін аяқталмаған. Қалғандарына қатайту жұмысы қашан басталатындығы әзірге белгісіз. Бұл мәселе төңірегінде тағы да әкімдіктен жауап алуға тырыстық. Алайда, кейінірек береміз деп қысқа қайырды. Күн өткен сайын үмітімізден күдігіміз көбейіп барады деген көпшілік, құрылысшылар келгенше құлап қалмаса болды деп үрей үстінде отыр.

Жүктелуде...