Бүгінгі таңда елімізде коронавирус инфекциясының тәуліктік өсу көрсеткіші 0,5%-ды құрады. Ауруханалардағы төсек-орындардың жартысынан көбі босай бастаған. Бұл туралы онлайн брифингте бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Айжан Есмағамбетова мәлім етті, деп хабарлайды
NewsRoom+ақпарат агенттігі.
«Қазіргі кезде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтану тенденциясы байқалады. 14 тамыздағы жағдайға сәйкес, ел бойынша ПТР-тест оң нәтиже берген 101 848 адам тіркелді. Бір тәулікте вирус жұқтырған 476 адам тіркелді. Ал ПТР-тест теріс нәтиже берген, бірақ коронавирус диагнозы қойылған 16 666 адам тіркелді. Соңғы тәулікте осындай 934 жағдай анықталды», - деді Айжан Есмағамбетова.
Оның айтуынша, елдегі қатаң карантиннің арқасында қазір сырқаттанушылардың бір тәуліктегі өсімі 0,5%-ға дейін төмендеген.
«Ал ел бойынша ауруханалардағы коронавирусты емдеуге арналған төсек-орындар мен реанимациядағы орындардың 64%-ы босады. Енді, кеше мемлекеттік комиссия карантинді жеңілдету туралы шешім қабылдады. Бірақ карантин жеңілдегенімен, ашылатын орындар санитарлық талаптарды сақтауға міндетті. Ең алдымен, қызметкерлер мен ашылатын нысандарға келетін адамдардың дене қызуы өлшеніп, олар бетперде киюі керек. Ең бастысы, арақашықтық сақталуы керек», - деп ескертті бас санитар дәрігер.