Бас санитар: басымды қатырмаңдар!

Бас санитар: басымды қатырмаңдар!

ашық дереккөзі

 width= Алматы облысы бас санитар дәрігерінің базардағы саудагерлермен кездесуінде айтқан осы сөзі қоғамның назарын аудартып, наразылығын туғызды. Бұл қызметке күні кеше тағайындалған мемлекеттік қызметкер 24 сағаттың ішінде интернетте жұлдыз атанамын деп ойламаған шығар. Бұл жаңа лауазым иесін арандату ма, әлде санитар дәрігер этикадан жұрдай ма? Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі  Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. «Бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматы облысының бас санитарлық дәрігері Ерғали Сыдыманов Талдықорғандағы жергілікті базар кәсіпкерлерімен кездесу кезінде қала тұрғындарына дөрекі сөйлеген, интернет пен БАҚ-та жарияланған видеоны зерттеді. Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы азаматтардың наразылығын түсінеді және мұндай мінез-құлық мемлекеттік қызметші үшін қолайсыз деп санайды. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрі Алматы облысының бас дәрігеріне қатысты қызметтік тергеуді бастауды тапсырды». ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат ҚОЖАХМЕТОВ facebook-тегі парақшасынан:

"Видеода жүздесудің бір бөлшегі ғана. Ерғали Сыдыманов сөзі кесіліп, монтаждалғанын айтады. Сатушылардың мәселесін шешудің жолы табылған соң, өзара пікір алмасып тұрған сәтін бәзбіреу бұрмалап жіберіпті".
Ерғали СЫДЫМАНОВ, Алматы облысының бас санитар дәрігері:
«Сыртымнан түсіріп жатқан жағдайға, ол жерде шын мәнісінде халықпен өзіміздің осы жерде халықша сөйлескім келді. Қарапайым тілменен түсіндіргім келді. Соны басқа жағынан бұрмалап жіберген екен. Егер шын мәнінде сырттай солай көрініп тұрса мен өзімнің халқымнан, елімнен кешірім сұраймын. Ар жағында менің келеңсіз ойларым болған жоқ».
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі лауазымды тұлғаның мемлекеттік қызметшінің Әдеп кодексіне жат қылық көрсетті деп отыр. Сондықтан оған қатысты тәртіптік іс қозғалыпты. Енді ол Әдеп жөніндегі кеңесте қаралмақ. Жұрт арасында да оның әрекетін құптамағандар көп. Десе де кей тұрғындар бұл жағдайдың  астарынан бәле іздеп қажет емес деген пікір қалдыруда. Лариса ШТОППЕЛДІҢ  facebook-тегі парақшасынан үзінді:
«Бұл видео кесіліп алынған. Жағдайды толық зерттеу керек. «Хабиби» базарының сатушыларымен ресми кездесуде ол кісі барынша сыпайы сөйлесті. Жүздесу аяқталған соң халықпен пікір алмасып тұрғанын бір блогер түсіріп алған. Бұл арандату деп білемін. Аталған азаматтың қызметке тағайындалғанына 4-5 сағат болған еді. Бірден бәрін өзгерт деп талап қою ойға қонымсыз! Мен шағын және орта бизнестің жұмыс істеуіне қарсы емеспін. Бірақ, санитарлық талаптар сақталмаса, вирусты жеңбейтініміз анық. Айғайлап, айтақтап, хайп қуалау жағынан Талдықорған қатырады».
Мұндай атышулы жағдай Талдықорғанда бірінші рет болып тұрған жоқ. Осы жылдың 15 сәуірінде шаһар әкімі Бақытжан Абраимов қалада рейд жасаймын деп басы дауға қалған еді. Көпшілік шенеуніктің халықпен сөйлесу стилін сынаған болатын. Елмен пікір алмасамын деп опық жеу жағынан Шымкенттің экс әкімінен әзір ешкім асып түскен жоқ-ау. Арыс оқиғасы кезінде  Ғабидолла Әбдірахымовтың ызасына тигендер оңбай сөз естіген еді.
«Еркектерге не жоқ? Өздеріңнің әйелдеріңе ие болыңдар! Сосын ел туралы айтасыңдар! Әйелдеріңе ие бола алмай маға әңгіме айтасыңдар!».
Ел есінде қалған бірер естелік осы. Полатбек Жоланов іргеден індет кетпей, халықтың шыдамы таусылуға шақ қалғанда шенеуніктердің мұндай астамшылдығына жол болсын дейді. Полатбек ЖОЛАНОВ, қоғам белсендісі:
«Қиналып жатқан кезде, ақшасы жетпей жатқан кезде, бәрі әлсіреп тұрған кезде мемлекет қызметкерлері дөрекі сөйлеп, қатаң сөйлеу жұрыс емес. Ол әдептіліктен жат нәрсе.  Мемлекеттік қызметкерлер мәдениетті, кішіпейіл, инабатты болуы керек».
Алматы облысының бас санитарлық дәрігері артық кеткенін мойындады. Министрлікке түсініктеме жазыпты. Жауапкершілікке тартылып жатса да, бұл оқиғадан кейін кабинетінде омалып отырмай, елмен кездесіп вирустың таралуын тоқтату үшін барымды саламын деп сендірді. «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» деген сөз бар қазақта. Бұл жағдай бәлкім өзгелерге сабақ болар.

Жүктелуде...