Қандастардың көші-қон үрдісінде туындайтын мәселелері бойынша қолдау жұмыстары жүргізілуде
Қандастардың көші-қон үрдісінде туындайтын мәселелері бойынша қолдау жұмыстары жүргізілуде
2019 жылдың сәуір айында «Отандастар қоры» КЕАҚ жанынан елімізге көшіп келген қандастардың бейімделуіне жәрдемдесу және шетелдегі отандастарға ақпараттық-консультациялық қызмет көрсету мақсатында «Қандастарды ақпараттық қолдау орталығы» құрылған болатын. Орталық «Байланыс орталығынан» және ҚР 10 облысында орналасқан «Фронт-офистерден» тұрады.
Әлемдегі пандемияға байланысты Орталықтың фронт-офистеріндегі 20 сарапшы өз қызметін кеңес пен ақпарат беру сапасын сақтай отырып , қашықтықтан көрсетіп жатыр.
Кездесулер онлайн форматында өткізіліп жатқандықтан өңірлердегі қоғамдық қабылдау жұмысына «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен қатар қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік қызметкерлер мен уәкілетті органдар да тартылып жүр.
Мысалы, отандастарды ақпараттық қолдау орталығы жанындағы шет елдерден келген отандастардың өмір тіршілігін қамтамасыз ету шеңберінде Zoom online платформасында «Карантиндік шектеулермен байланысты әлеуметтік төлемдерді алу шарттары» тақырыбында онлайн кездесу ұйымдастырылды, оған 50-ге жуық қандас, отандастарды ақпараттық қолдау орталығының үйлестірушісі Болат Заут, облыстардағы фронт-кеңселердің өкілдері, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің көші-қон үдерістерін мониторингтеу басқармасының басшысы Айтқұлов Д.А. қатысты. Қордың Instagram және Facebook ресми аккаунттарында бейнеконференция толығымен көрсетілді.
Байланыс орталығы ашылған уақыттан бері (2019 ж. сәуірден бастап) 2020 жылдың тамыз айына дейін 2504 адам хабарласты. Қоғамдық қабылдауға түрлі мәселелермен 2957 жуық қандас жүгінген
Келіп түскен өтініштердің негізгі санаттары: ҚР азаматтығын рәсімдеу, қандастарға ұсынылатын жеңілдіктер, қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу, тұрақты тұру ықтиярхатын рәсімдеу/мерзімін ұзарту, оралман мәртебесін алу, білім гранты бойынша квоталар туралы ақпарат, жұмыссыздық мәселесі, тұрақты тұруға рұқсат алу, уақытша тіркеуге тұрғызу бойынша мәселелерге қатысты және т.б.
Қоғам сондай-ақ әлемдегі қазақтардың тарихи және этникалық отаны Қазақстанға қызығушылығын арттырудың және қазақстандық өнімдерді халықаралық нарықтарда ілгерілетудің тиімді құралы ретінде бизнес бағытын қарастырады.
Қазақстанда бизнес, кәсіпкерлік, өзін-өзі қамту бағытындағы қабылданған бағдарламалармен қандастарымызды етене таныстыру және олардың бизнес-бастамаларын қолдау:
біріншіден, Қазақстанға қызығушылығын арттырады және өз еркімен қоныс аударуға серпіліс болады;
екіншіден, қоныс аударған қандастырымыздың қазақстандық ортаға еркін және тез кірігуіне септігін тигізеді;
үшіншіден, мекендеген елдерінің азаматтары ретінде қандастарымыз Қазақстанның шет елдерде инвестициялық әлеуетінің көріктілігін арттырады;
төртіншіден, қазақстандық өнімдерді сыртқа шығаруға және тиімді бағалармен өткізуге ықпал етеді;
бесіншіден, қандастардың кәсіпкерліктегі белсенділігін қолдау арқылы шетелден көшіп келген қазақтардың әлеуметтік жағдайын жақсартады.
Қоғам 2019 жылы 8 мемлекетте (ГФР, Түркия, АҚШ, Өзбекстан, Ұлыбритания, Швеция, РФ, Моңғолия) жоғары деңгейде бизнес-форумдар ұйымдастырды.
Бизнес-форум аясында аталған елдерде тұратын кәсіпкер қандастарымыздың өзекті тізімі қалыптасты. Іскер қандастарымыз жалпы саны 500-ден астам адамды қамтыған бұл Форумдар Қазақстанға инвестиция тартудың маңызды және болжамды әлеуетін қалыптастыруға мүмкіндік туғызды.
2020 жылы 7 елде кәсіпкер қандастармен іскерлік кездесулер өткізуді жоспарланған болатын. Алайда, «COVID-19» пандемиясының дүниежүзінде өршіп кетуіне, жоспарланған елдерде карантин талаптарының күшеюіне байланысты, іскерлік кездесулерді өткізу кейінге шегерілді.
Өз кезегінде, Бизнес және жобаларды акселерациялау департаменті шетелде тұратын кәсіпкер қандастармен қатар, Қазақстан Республикасына қоныс аударған іскер қандастармен тығыз байланыс орнатып, оларды жан-жақты қолдау жұмыстарын күшейтуде.
2020 жылдың тамыз айына дейін әлемдегі пандемия жағдайында кәсіпкер қандастармен байланысты үзбеу мақсатында іскерлік бағытта 10-нан астам онлайн видео-конференция ұйымдастырылды.
Сонымен қатар мамыр айында «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ мен «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ мамандарының қатысуымен Нұр-Сұлтан қаласында және астана маңында тұратын қандас кәсіпкерлер үшін арнайы семинар ұйымдастырылды. Оқыту барысында қандастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері бойынша толық ақпарат берілді.
Қоғам тарапынан қала және қала маңында тұратын, шағын бизнеспен, оның ішінде ұлттық қолөнер бұйымдарын шығаратын қандастарға сату жүйесін қалыптастыру мақсатында «Береке» бағдарламасын жүзеге асыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінде «Астана» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен ынтымақтастық туралы меморандум нәтижесінде, Нұр-Сұлтан қаласында қандастарымыз жасайтын ұлттық қолөнер бұйымдарын және кәдесыйлар сататын дүңгіршектер қою үшін 15 орын белгіленіп, рәсімдеу жұмыстары пысықталуда.
Сондай-ақ, Ақмола және Түркістан облыстарында көшпелі қазақ мәдениетін дәріптеуге бағытталған этноауыл жобасы әзірленді. Қазіргі уақытта жобаның қаржылық шығындары есептеліп, қызығушылық танытқан инвесторларға таныстырылып, мемлекет тарапынан қолдауды қарастыру мақсатында жергілікті атқарушы органдармен келіссөздер жүргізілуде. Осы мақсатта «Отандастар қоры» Ақмола облысы әкімдігімен екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Ағымдағы жылдың тамыз айына дейін шетелдегі іскер қандастар қызығушылық танытқан салалар бойынша, Қазақстан аумағында тауар өндірушілердің арасынан экспорт бағыттында жұмыс істеуге ынталы 2 мыңға жуық кәсіпкерлердің тізімі жинақталуда. Кәсіпорындар мен кәсіпкерлер арасынан арнайы критерийлер арқылы, тауар бағасы, сапасы, сұранысқа қарай экспорттық тауар көлемімен қамтамасыз ете алатын адал кәсіпорындар мен тауарлар іріктеліп Қазақстандық кәсіпкерлердің бизнес анықтамалығы дайындалып жатыр.
Қазіргі уақытта қандастар кәсіпкерлігін қолдау мақсатында құрылған «Атамекен» телеграмм каналы өз жұмысын жүргізуде. Телеграмм каналда бизнес бастау, инвестиция және экспорт-импорт бағытындағы жаңалықтар және де қандастарымыздың жаңалықтары, ұсыныстары жарияланып, қазіргі уақытта әлемдегі қандастар арасында байланыс көпірі қызметін атқаруда. Аталған веб-сервиске келіп түскен өтініштер бойынша қандастарға ақпараттық қолдау көрсетілді, атап айтқанда: АҚ «Даму», ҰБҚ «Атамекен» бизнес бағдарламары бойынша, Түркияға ет өнімін экспорттау, Ресей Федерациясынан бидайды Қазақстанға жіберу, Ауғанстаннан Қазақстан аймағына гүл өнімін әкеліп өсіру және т.б. Соңғы уақытта әлемдік пандемияға байланысты «Атамекен» іскерлік үйі өкілдері мұқтаж қандастарға телеграмм канал арқылы байланысып керекті дәрі дәрмекті тегін жеткізуге атсалысуда.
Ғазиз Тастаев, «Отандастар қоры» КЕАҚ бизнес және акселерация департаментінің басқарушы директоры