Ұлттық қауіпсіздік комитеті психотроптық заттарды өндіретін жасырын зертхананы жойғаны туралы мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды NewsRoom+ Ақпарат тілшісі Aikyn.kz порталына сілтеме жасап.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті Нұр-Сұлтан қаласы бойынша департаменті Экономикалық тергеу департаментімен және ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесімен бірлесіп жүргізген арнайы операция нәтижесінде Қазақстан Республикасының үш азаматы мен бір шетелдікті ұстады.
«Күдіктілердің Ақмола облысының аумағында, кейіннен Нұр-Сұлтан қаласында таратылған психотроптық заттарды өндіретін жасырын зертхана ұйымдастыруға және оның жұмыс істеуіне қатысы бар» делінген ҰҚК-нің ресми хабарламасында.
Зертхананы тінту барысында есірткі мен психотроптық заттар, сондай-ақ оларды дайындау кезінде қолданылатын химиялық реагенттер мен құрал-жабдықтар табылды.
Ұсталған адамдар ҰҚК-нің тергеу изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.