Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағынан тарихи нысандар табылды. Архелогтар бұл әлемдік сенсациялық жаңалық екенін мәлім етті, - деп хабарлайды
NewsRoom+ Ақпарат тілшісі
ҚазАқпарат порталына сілтеме жасап.
«Ескі Түркістан қаласының көне шахристанынан XVIII-XIX ғасырларға тән керуен сарай, монша, керамикалық цех, мектеп орындары және Жеті ата қақпасына дейінгі ортағасырлық магистралды көше бойынан хандардың намаз оқитын жеке бөлмесі мен әскери мұнаралар, қонақ қабылдайтын бөлмелер табылды», делінген хабарламада.
Тәкия қақпасының жанынан табылған үлкен керуен сарайда - құжаттар мен бағалы заттар сақтайтын арнайы қуыстар, қабылдау бөлмесі, ауласы мен қоймалары, керуеншілер тұратын бөлмелері, намазханасы, «мүричә» деп аталатын бір бөлмелі моншасы бар.
Сонымен қатар зерттеушілер көне Түркістанда алғашқы мектепті тапты. Мектеп ауласының екіге бөлінуі бір жағында ұл, екінші жағында қыз балалар оқығанын көрсетеді. Мұнда сырттан келген балалардың жатып оқуына арналған бөлмелері бар.
Сондай ақ, Қазақстанда алғаш рет қыш ыдыс жасайтын цех табылды.
«Үлкен көлемдегі қыш (керамика) бұйымдар шығаратын орынның анықталуы сенсациялық оқиға деуге болады. Ясауи кесенесі аумағында орналасқан қыш бұйымдарын дайындайтын кең ауқымды кешенде саз илейтін, ыдыс-аяқ жасайтын, кептіретін, күйдіретін, сақтайтын орындардың барлығы қарастырылған», делінген хабарламада.
Шахристаннан табылған кішігірім монша құрылысы бірнеше бөлмелерден тұрады. Су резервуары сияқты – сардоба да сақталған. Ерекшелігі құрылыстан бөлек қызметкерлер үшін арнайы бөлмелері бар. Емдік қасиеті бар тұнбалар дайындайтын ванна сияқты ыдыс та сақталған.
Археологиялық қазба жұмыстары ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің даму тұжырымдамасына сәйкес жүзеге асырылуда. Зерттеу жұмыстарымен Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты мен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің тарихшы, ғалым, археолог мамандары айналысып келеді.