Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
12 тамыз, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Консулдық өкілі Шынар Жұматаеваның жауап хаты...

Консулдық өкілі Шынар Жұматаеваның жауап хаты...

Консулдық өкілі Шынар Жұматаеваның жауап хаты...
ашық дереккөзі
10 тамыз күні сайтымызда «Өз тілін білмейтін елші, елдің мүддесін қалай қорғайды?» атты мақала жарияланған еді. Онда Моңғолиядағы Қазақстан елшілігінің консулдық мәселелер бойынша 2-ші хатшысы Шынар Жұматаеваның мемлекеттік тілде сөйлемегені жайлы сөз болған. Бүгін сайтымыздың электронды поштасына мақалада аты аталған Шынар Жұматаеваның жауап хаты келіп түсті. Бұл туралы NewsRoom+ Ақпарат агенттігі  Abai.kz порталына сілтеме жасап.
Шынар Жұматаева, Моңғолиядағы Қазақстан елшілігінің консулдық мәселелер бойынша 2-ші хатшысы: Құрметті Оқырмандар! 2020 жылдың 10 тамызында Abai.kz интернет порталында «Өз тілін білмейтін елші, елдің мүддесін қалай қорғайды?» атты мақалаларда менің, Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінің Консулы-II хатшысы Шынар Жұматаеваның, атына арызданушы Моңғолияның азаматы Майгүл Аулыққызының қазақ тілінде қойылған сұрағына орыс тілінде жауап бергені жарияланып, ана тілін құрметтейтін, ұлты қазақ азаматшаның намысы қорланғаны туралы айтылып, көптеген пікірталас орын алды. Аталған мақала бір тараптың, яғни Майгүл ханымның сөзі мен пікірі негізінде жазылған. Ал, мәселені жан-жақты зерттеп және зерделеп жазу үшін осы оқиғаның екінші кейіпкері болып табылатын менің пікірімді, шын мәнінде жағдайдың қалай болғанын мақалалардың авторлары да, осы мақалаға пікір жазған азаматтар мен азаматшалар да сұрамады. Ал осы «сорақы оқиғаның» негізгі мәніне тоқталып, содан кейін маған «ату жазасын» тағайындайық. 2020 жылғы 6 тамызда түскі ас уақытында (13:19) менің ұялы телефоныма Майгул Аулыққызы хабарласып, диалогты моңғол тілінде бастады. Әңгіме моңғол тілінде бастау алғандықтан, тұтқаның ар жағындағы адамның қай ұлттың өкілі екенін анықтау мүмкін болмағандықтан, мен оған: «Извините, я не понимаю монгольский язык. Можете говорить на русском языке?» деп жауап бердім. Одан кейін де Майгүл ханым әңгімені моңғол тілінде жалғастырғандықтан, мына адамда бір жағдай болған екен деп, дереу көмекшім, Ешлікітің аудармашысы, барлық ресми/бейресми келіссөздерді моңғол тілінен ана тілімізге аударатын Айнұр Мәдетқызына 13:20 сағатта WhatsApp мессенджерімен М.Аулыққызының телефон нөмірін жіберіп, оған хабарласуды өтіндім. Мен sms жазып жатқан кезде, Майгүл ханым маған қайта қоңырау шалды. Мен ол қоңырауды қабылдамай, Айнұр Мәдетқызына дереу хабарласуды және моңғол тілінде барлық ақпаратты беруді сұрадым. Сол арада маған моңғол тілінде жазылған sms-тер келді (скриншоты бар): - «Қазақ адам таптым, - Қазақша сөйлестірейін, - Сен мусорсын, - Моңғолиядан жоғал! Моңғолша сөйлей алмасаң, - Не деген өркөкірексіңдер телефон алмайтын» (моңғол тілінен бейресми түрде аударылған). 13:30 сағатта А.Мәдетқызы Майгүл Аулыққызына әдейі хабарласып, мән-жәйді анықтап сұраған және COVID-19 пандемиясы уақытында арызданушының Қазақстанда қалып қойған туыстарын Моңғолияға қайтару жолдары жөнінде қажетті барлық ақпаратты берген. Осы арада айта кететін жағдай, арызданушы аудармашымен де моңғол тілінде сөйлесіп, әңгімені қазақ тілінде жалғастыру жөнінде өтінішін білдірмеген, әңгіме толық моңғол тілінде жүргізілген. Осылайша, екі қазақ моңғол тілінде сөйлескен. 13:58 сағатта А.Мәдетқызы WhatsApp мессенджері арқылы маған: «Сізге қоңырау шалған азаматқа хабарластым, Моңғолия азаматы екен, моңғол тілінде барлық ақпаратты бердім», - деді. Түс уақыты бітіп, жұмысқа келгеннен кейін А.Мәдетқызынан тағы бір мәрте қоңырау шалған адамды сұрап, барлық сұрақтарына жауап алғанына көзімді жеткіздім. Ал енді, құрметті оқырман қауым, екі жақтың пікірін білгеннен кейін, осы оқиғаны саралайық. Қазыбек Иса мен Қуаныш Қаппас мырзалар жариялаған мақалаларда Майгүл ханым маған қазақ тілінде хабарласып, менің тарапымнан орыс тіліндегі жауапқа тап болған болып көрсетілген. «Жауыз» Шынар Жұматаева қазақ тілінің беделін түсіріп, ана сүтімен келген өз тілін құрметтемеген дипломат ретінде көрсетілген. Алайда, бұл мақалада Майгүл ханымның менімен болған телефондық диалогында төмендегі дәйектер тіптен көрсетілмеген, ал кейбір дәйектер асыра бұрмаланған. Біріншіден, Майгүл ханымның телефон арқылы менімен диалогты моңғол тілінде бастағаны жөнінде бірде-бір ақпарат жоқ. Әдетте Моңғолияны мекендейтін 120 000 қандастарымыздың 90 пайызы маған телефон арқылы хабарласқан кезде әңгімені қазақ тілінде бастайды, ал ұлты моңғол азаматтар моңғол тілінде хабарласқанда менің моңғол тілінде сөйлемейтінімді біліп, кейбір орта жастан асқандары білгенінше менімен орыс тілінде, жас буыны бірден ағылшын тілінде сөйлеседі. Бұның себебі, орта жастан асқан Моңғолия азаматтарының көпшілігі Ресейдің Иркутск, Екатеринбург, Мәскеу, Санкт-Петербург және басқа қалаларында білім алған. Ал жастары көбіне Еуропа мен Америка елдерінің білім бұлағынан сусынданғандар. Екіншіден, Майгүл ханымға менің көмекшім А.Мәдетқызының хабарласып, оның консулдық мәселе бойынша туындаған сауалдарының барлығына толық жауап алғаны жазылмаған. Демек, Елшілік қызметкерлері түскі ас уақытына қарамастан, 24 сағат бойы басына күн туған азаматтар мен азаматшаларға көмек көрсететіні жөнінде бір ауыз сөз айтылмаған. Бұл ретте айта кетерлік жағдай, негізінен Майгүл ханымның көтеріп отырған мәселесімен Моңғолияның Қазақстандағы Елшілігі айналысады. Оның себебі, әлемді жаулап алған коронавирус індетіне байланысты біздің елімізде қалып қойған Моңғолияның азаматтарын өз елдеріне қайтару, оларды тізімге енгізіп, ұшаққа отырғызу мәселесі аталған Елшіліктің Консулының құзыретіне кіреді. Алайда, ұлты қазақ болғасын, әрі Өлгий мен Қобда өңірлерінен Нұр-Сұлтан қаласына телефон шалып, анықтама алу оңай болмайтындықтан, Қазақстан Республикасының Елшілігі қолда бар ақпаратты қандастарға таратуға және мүмкіндігінше қолғабыс көрсетуге тырысады. Үшіншіден, Майгүл ханымның маған жазған былапыт sms-тері туралы мақалада сөз де қозғалмаған. Осы жерде сұрақ туындайды: Майгүл ханымның мені sms арқылы сөгістеуге қандай құқығы бар? Бұл менің жеке басымды қорлау болып табылмай ма? Төртіншіден, Майгүл ханым менімен моңғол тілінде сөйлессе, мен оның айтқан сөздерін түсінбесем, қалайша мен оған «Қазақстан азаматында нең бар? Сен Моңғолия азамытысың!» деп ескерту жасаймын? Бұл айып шындыққа жанаспайды. Бесіншіден, мақалада көрсетілгендей, мен Майгүл ханымның нөмірін блокқа қойып тастаған болсам, оның маған менің жеке басымды сөгістеп жазған sms-тері қалай жетеді? Блокқа қойылған нөмірден қоңырау қабылданбайды және sms-тер келмейді. Қазыбек Иса мырзаның мақаласында көрсетілген жалғыз ғана дәйек шындық болып табылады. Майгүл Аулыққызының менің ұялы телефоныма басқа нөмірден сол күнгі 13:50-де жазған sms хабарламасына: «Salem halnz halay apke kazakstannan beri harai halaidan halai tizmdeled jolin aitp bernzwi», шынында да мен уақытында жауап берген жоқпынҚай телефоннан да sms келсе, оған жауап беру менің міндетім. Алайда, осы sms-ке менің жауап бермеуім, менің ана тілімде sms-ке «принципті түрде» жауап бермейді деген ұғымды білдірмейді. Менің осы sms-ке жауап бермеуім мені ана тілін менсінбейтін, өз тілінде сөйлеуге арланатын тұлға ретінде сипаттамайды. «Qazaquni.kz» интернет порталында аты шулы мақала жарияланғаннан кейін, осы мәселенің анық-қанығына жету үшін 2020 жылғы 8 тамызда Елші Жалғас Жұмаұлы Әділбаев (интернет желісінде Елшінің аты-жөні қазақ тілінде көрсетілген) Майгүл Аулыққызымен телефон арқылы хабарласты. Осы сұхбат барысында Майгүл ханым Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы Елшілігінің консулына телефонмен моңғол тілінде хабарласқанын және диалогты моңғол тілінде жүргізгенін растады. Елшінің: «Консулдың қазақ екенін біле тұра, өзіңіз қазақ екенсіз, неге әңгімені моңғол тілінде жүргіздіңіз?», - деген сұрағына, ол: «Мен Моңғолияда тұратын болғандықтан, мемлекеттік тіл моңғол тілінде сөйлеймін, бұл Моңғолияның жері», - деп түсіндірді (Елішілікте аудиозапись бар). Осы тұста айта кетерлігі, Майгүл ханымның моңғол тілі өте таза, оны сөйлеген сөзінен ұлты қазақ тұлға екенін телефон арқылы анықтау мүмкін емес. Тіпті Елшіліктің аудармашысы А.Мәдетқызы оның қазақ екенін анықтай алмады. Сондай-ақ, Елші Жалғас Жұмаұлы Майгүл ханымға қайта қоңырау шалып, 10 тамызда Елшілікке келуін, менімен және А.Мәдетқызымен бетпе-бет жүздесу ұйымдастырып, орын алған мәселені талқылауды ұсынды. Жол ақысын мен өз қалтамнан өтейтінім айтылды. Алайда, Майгүл ханым өзінің кішкене сәбиі бар екенін, Елшілікке келуді жолдасымен ақылдасатынын айтты. Содан кейін шалынған қоңырауға Майгүл ханым жауап бермеді және өзінің Елшілікке келетіні, не келмейтіні жөнінде ақпарат бермеді. Құрметті оқырмандар! Мен, Шынар Жұматаева, өз тілімді құрметтейтін, ана тілімде таза сөйлеп, ойымды еркін жеткізе алатын тұлғамын. Мен өзімнің қазақ екенімді, отаным Қазақстан екенін және жастайымнан ана тілімді жетік меңгергенімді мақтан тұтам! Бұл әкемнің анама қалдырған соңғы аманаты еді. Осы күнге дейін анам менің ана тілімде сөйлеп, өз тілімді құрметтеуге тәрбиелеген Қазақстанның азаматы. Бұл ретте, мақала авторларына қояр бір сұрағым бар. Істің анық-қанығына жетпей, біреуді айыптауға және оның тағдырына бейжай қарауға бола ма? Ол түгелі, сот үкімі шығатын бөлмеде қозғалып отырған іс бойынша міндетті түрде екі жақтың пікірі тындалып, берілген дәйектер таразыға салынады. Сараланып, жан-жақты қарастырылған іс бойынша нақты сот үкімі шығарылады.