Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
12 тамыз, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Еуразия ұлттық университеті қайта құрылуы мүмкін

Еуразия ұлттық университеті қайта құрылуы мүмкін

Еуразия ұлттық университеті қайта құрылуы мүмкін
ашық дереккөзі
Қазақстанда ірі ЖОО-лардың бірін-бірі жұтуы басталмақ. Автор:Жанат Ардақ Елімізде ғылым ордаларының саны азаятынға ұқсайды. Білім және ғылым министрлігі «Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамын қайта ұйымдастыру туралы» Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын жария етті, - деп хабарлайды NewsRoom+ Ақпарат тілшісі Inbusiness.kz порталына сілтеме жасап. Құжатқа сәйкес, жарғылық капиталына мемлекет 100% қатысатын «Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамын қайта ұйымдастыру ұсынылады. Себебі, «Қаржы академиясы» акционерлік қоғамы ЕҰУ-ға қосылмақ. Еуразия университетін 2011 жылдан бері Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, Нұр-Сұлтан мәслихатының депутаты Ерлан Сыдықов үздіксіз басқарып келеді. Ал Қаржы академиясының президенті – қазіргі кезде зейнеткер, экс-қаржы министрі Наталья Коржова. Қаулы жобасында Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетіне Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, қайта құрылатын ЖОО-ның жаңа жарғысын бекітіп, оны әділет органында мемлекеттік тіркеуден өткізу жүктелмек. Сондай-ақ «ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәселелері» туралы ел Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы №1111 қаулысына өзгеріс енгізіледі деп жоспарлануда: сол қаулымен бекітілген БҒМ қарамағындағы ұйымдардың тізбесiнен 60-шы жол алып тасталады. Ол жолда «Қаржы академиясы» деп жазылған-тын. Нәтижесінде, 50 жыл тарихы бар, Қазақстандағы қаржы саласына ғана маманданған жалғыз бейінді мемлекеттік ЖОО тарих тұңғиығына жол тартатын түрі бар. Биліктің қай үмітін ақтамады? Бұл академия 1965 жылы құрылған және Қазақ КСР-інің Қаржы министрлігіне қарасты Целиноград қаржы-экономикалық техникумның мұрагері болды. Жарты ғасыр ішінде ол атауын бірнеше рет ауыстырды. Бірақ бұрынғы үкіметтердің ешқайсысы одан мүлдем бас тартпады. Тіпті 2009 жылы, яғни бүкіл әлем, соның ішінде Қазақстан жаһандық қаржылық-экономикалық дағдарыстан жүнжіп жатқанда, Үкімет шешімімен осы ЖОО орнында жаңа үлгідегі мамандандырылған ғылым ордасы – Қаржы министрлігі жанындағы Қаржы академиясы құрылды. Оған елімізді болашақта ауыр күйзелістерге соқтырмай, шырғалаңдардан мемлекетті аман алып шығатын білікті қаржыгерлерді, бухгалтерлер мен аудиторларды, сондай-ақ халықаралық стандарттар мен талаптарға сәйкес келетін экономика, менеджмент және ақпараттық жүйе мамандарын даярлау миссиясы жүктелді. Академия түлектері «тез өзгеретін өмір шынайылығына сайма-сай әрі жедел ден қоюға тиіс» болды. Олар «кәсіби даярлығы арқасында әлемдік экономика алдында тұрған сын-қатерлерді және тәуекелдерді күнібұрын болжап білу қабілетіне ие болуға тиіс» еді. Академия бұл міндет үдесінен шыға алмаса керек. Өйткені содан бері Қазақстан дағдарыстан бас алмай келеді. Түлектерінің орташа жалақысы қанша? «Атамекен» ұлттық палатасының «ЖОО-лар рейтингіне» сәйкес, Қаржы академиясы қаржы саласында оқу бағдарламалары бар 73 жоғарғы оқу орны арасында тек 38-ші орынды ғана алды. Яғни, халықаралық деңгей түгіл, өз елімізде бәсекеде ұтылады. Сарапшылардың бағалауынша, осы академия түлектерінің орташа жалақысы небары 116 мың 967 теңгені құрайды. Дегенмен, түлектерінің жұмысқа орналасу үлесі жақсы: 80,5%. Салыстыру үшін айтсақ, «Атамекен» сарапшылары дерегінше, рейтингтегі «үштікке» кіретін Қазақстан-британ техникалық университеті түлектерінің орташа жалақысы – 241 мың теңгеден, КИМЭП-те – 232 мың теңгеден асады. Бір қызығы, осы рейтингте 7-ші орын алған М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік- экономикалық университеті түлектерінің орташа жалақысы шамамен 244 мыңды құрайтыны көрсетілген. Салыстыру үшін айтсақ, ұлттық палатаның дәл осы рейтингінде қаржы саласы бойынша Л.Гумилев атындағы ЕҰУ 29-шы орынға ғана тұрақтады. «Еуразиялық» қаржыгерлердің орташа жалақысы небары 115 мың 928 теңге. Олардың 70,4%-ы ғана жұмысқа орналаса алады. Қалай болғанда, Қаржы академиясының мәліметінше, 2014 жылдан бері оны 15 мыңнан астам адам бітіріп шығыпты. Өтпейтін актив Қазақстан Үкіметі екі жылдай бұрын Қаржы академиясын сатуға қойды. Оны бұдан 2017 жылы Санкт-Петербургтің Халықаралық қаржы конгресімен бірлесіп, заманауи қаржы институтын – «Желілік қаржы институтын» құру туралы келісімі де құтқармады. ЖҚИ-дың тізгінін ұстаған Наталья Коржова бұл құрылым «еуразиялық одаққа мүше бес ел – Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Армения және Беларусь үшін ІТ, финтех, қаржы аналитикасы, еңбек нарығындағы қарым-қатынастар секілді күрделі салаларда кең сұранысқа ие кадрларды дайындауға кірісетінін» айтты. Бірақ бұдан бәлендей нәтиже шықпады. 2017 жылы академия жылды 189,1 млн теңге шығынмен аяқтады. Оның алдында 2016 жылғы табысы небары 16,6 млн теңге болған. 2019 жылғы наурыздағы сауда елордадағы бұл ЖОО-ны иеленуге ешкімнің құлшынбайтынын паш етті. Билік оны кейін сатып алу құқығымен жеке сектордың сенімді басқаруына тапсыру үшін тіпті бастапқы құнын 41,6%-ға арзандатты да. Сауда 29 наурызда gosreestr.kz порталы арқылы жүргізілді. Құны 2,1 миллиард теңгеге бағаланды. Ақыры өтпеді. Айта кету керек, әу баста, 2018 жылы мемлекет академияны барлық дүние-мүлкімен 3,6 миллиард теңгеге өткізгісі келген. Бірақ инвесторлар қызығушылық танытпады. Жекешелендіру бағдарламасы бойынша жеке сектор ынта танытпаған мемактив жойылуы, таратылуы тиіс. Демек, оны Еуразия университетіне қосу амалсыздан жасалып отырғанға ұқсайды. ЕҰУ қандай байлыққа қол жеткізбек? Қаржы академиясының балансында Нұр-Сұлтан қаласында бірнеше активі бар. Атап айтқанда бас корпусы елорданың ескі орталығында, Ш.Уәлиханов көшесінде орналасқан. Астана Алматыдан Ақмолаға көшкенде, 1967 жылғы, бес қабатты сол ғимаратта Салық комитеті жұмыс істеді. Бұдан басқа, 1966 жылы тұрғызылған, жалпы ауданы 520,6 шаршы метр болатын гаражы және қосалқы үй-жайы бар. Сондай-ақ Нұр-Сұлтандағы І.Есенберлин көшесінде 1966 жылғы оқу корпусы ғимараты және оған жапсарлас салынған 2003 жылғы орынжайы бар. Олардың жалпы аудан 4 мың 610 шаршы метр. Қаржы академиясы өз жатақханасына ие, ол 1969 жылы салынған 5 қабатты тұрғын үй. Жалпы ауданы 5 мың 127 шаршы метрді алып жатыр. 5 қабатты әкімшілік ғимараты 1979 жылы бой көтеріпті. Оның жалпы ауданы 4 мың 919 шаршы метрді құрайды. Сондай-ақ академияға 6 жеңіл автокөлік және 1 трактор тиесілі. Әзірге Қаржы академиясы жаңа оқу жылы үшін талапкерлерді онлайн қабылдауын жалғастыруда. Бұл шара 25 тамызға дейін созылмақ.