Келестік оқушылар қашықтан оқуға дайындалуда
Келестік оқушылар қашықтан оқуға дайындалуда
Қазіргі коронавирус дендеген кезең еліміздің білім саласына да салдарын тигізіп жатқаны анық. Осыған байланысты 2020 жылдың наурыз айында оқушыларды қашықтықтан оқыту жүйесі енгізіліп, балалар оқу жылын үйде оқу арқылы аяқтаған еді. Енді 2020-2021 жылғы оқу жылында оқушыларды үш түрлі режимде оқыту жүйесі ұсынылып отыр. Ол туралы Түркістан облысы Келес ауданы Бозай ауылдық округіне қарасты Б.Момышұлы атындағы орта мектептің директоры айтып берді. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Қазір карантинге байланысты жаңа оқу жылына үш түрлі режим ұсынылған. Олар – штаттық, ішінара, яғни 1, 2, 4, 11 сыныптарды мектепте оқыту және қашықтықтан оқыту жүйелері. Көріп отырғандарыңыздай, ауылдық округте интернет желісі жақсы деңгейде, барлық үй тегіс ғаламтормен қамтылған. Егер қашықтықтан оқыту жүйесі енгізілсе, барлығы дайын», - дейді мектеп директоры Жұмабек Сопбеков.Сондай-ақ, 450 оқушысы бар мектеп директорының айтуынша, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын қашықтықтан оқу үшін өткен оқу жылында мектептегі 20 компьютер уақытша берілген. Егер қажет болса, жаңа оқу жылында да беруге дайын екен. Оған қоса аталған санаттағы оқушыларға тұрақты түрде ыстық тамақ беріліп келген. Жалпы шілде айындағы есеп бойынша Келес ауданында – 32 634 оқушы бар. Жеке компьютер мен ноутбуктер 2 776 (өздерінің) оқушыда қамтамасыз етілген. Жалпы мектептегі компьютерлер /соңғы 5 жылда алынған/ саны – 1 238 құрап, оның 180-і қашықтан оқыту кезінде оқушыларға таратылып беріліп, қайта жинап алынған. 1 238 компьютерді оқушыларға таратып бергенде, 4 014 оқушы компьютер және ноутбукпен қамтамасыз етілуі көзделуде. Санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылын әртүрлі нысанда бастауға дайындау жұмысын жалғастырыуы қарастырылуда. Бүгінде мектептерге ата-аналардың және балалардың заңды өкілдерінің өтініштері бойынша тиісті жағдайлар болған кезде, қатаң саниятариялық талаптардың сақталуымен, кезекші бастауыш сыныптарын ашу мүмкіндігін беру мәселесі қарастырылуда. Осыған орай, жаңа 2020-2021 оқу жылында кезекші бастауыш сыныптарын (1-4 сыныптарда әр топта 10-15 оқушыдан көп емес) ашу бойынша ата-аналармен түсіндіру жұмысын жүргізіп, пысықталуда.