Түркістан: ​«Болашақ» оқу орталығы жұмысын бастады

14 Желтоқсан, 2018 471 0

Тәуелсіздік мерекесіне орай Түркістан облысы, Шардара қаласында облыстық мәслихаттың депутаты Бақытжан Серманизовтің демеушілігімен «Болашақ» оқу орталығы ашылып, өз жұмысын бастады.

Аталмыш білім беру орталығы бірінші кезекте дарынды оқушылардың шығармашылық әлеуетін анықтау және дамыту үшін «жетістік ортасын» қамтамасыз етпек. Бұл орталық өңірге қажетті мамандықтарды таңдауға бейімдей отырып, оқушылардың туған өлке экономикасын дамытуға және патриоттық рухта тәрбиелеуге, білім беру жүйесінің сапасын арттыруға қызмет ететін болады.

Жаңа нысанның ашылу салтанатында аудан әкімі Болатбек Қыстауов, ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Жамал Төлешова құттықтау сөз сөйлеп, халықтың игілігіне қызмет ете берсін деген тілектерін білдірді.

Нысанның лентасы қиылып болған соң қонақтар жаңа білім беру орталығының іші-сыртын аралап, жұмыс жүйесімен танысты. «Болашақ» білім беру орталығының атқарушы директоры Аппазбек Ілесовтің айтуынша мұнда 4-11 сынып оқушылары қабылданып, оларды арнайы Еducon баспасы оқулықтарымен оқыту көзделіп отыр. 4,5,6 сынып оқушыларын Назарбаев зияткерлік мектебіне, Білім инновациялық лицейіне және Дарын мектептеріне кешенді түрде дайындаса, 7-9 сынып оқушыларын мектеп бағдарламасымен оқытады. 10 -11 бітіруші түлектерді «Болашақ» білім беру орталығы арқылы жоғары оқу орындарына түсетін талапкерлердің Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығын нығайту мақсатында бейінді пәндер бойынша дайындалуға мүмкіндік береді.

Жаңа орталықта қазірдің өзінде 40-тан астам оқушы қабылданып, оларға 5 мұғалім сабақ беруде. Заманауи үлгіде жарақталған қосымша білім беру орталығында әр оқушыға айына 52 сағат бөлінеді. Оқушылардың ата-анасы бұл үшін айына 15 мың теңге төлейді. Бастапқы кезде 120 балаға дейін қабылданатынын айтқан Аппазбек Ілесов алдағы уақытта орталықтың аясын кеңейте отырып, оқушы санын арттыратынын да жеткізді.

Салтанатты шараға келген қонақтар мен ата-аналар қауымы балалардың жан-жақты білім алуына жағдай жасайтын орталықтың келешегі жарқын, жас ұрпақ үшін маңызы зор дүние болатынына үлкен сенім артып отыр.

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.