Түркістан: Жастар әкімге маңызды ұсыныстарын жеткізді

14 Желтоқсан, 2018 435 0

Түркістан облысы Мақтаарал ауданының жастары әкімге өздері тарапынан бүгінде маңызы жоғары болып отырған мәселелер бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Аудан басшысымен Тәуелсіздік күніне орай өткен кездесуде жастар тарапынан көтерілген негізгі мәселелердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу, олардың бос уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында аудан орталығы мен шалғайдағы ауылдарда спорттық, мәдени үйірмелерді ашу, республикалық, облыстық жарыстарға қатысулары үшін ата-аналарға салмақ салмайтындай қаржылық мәселесін шешу жайында өтініштер айтылды.

«Бүгінгі жастарымыз Мағжан Жұмабаев айтқанындай «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты» болу керектігін бүгінгі қоғам, қазіргі нарық және бәсеке заманы тілеп-ақ тұр. Жүректерінде жалын бар, бойларынан бұла күші тасыған ХХІ ғасырдың жастары күнделікті өзгеріп отырған өмірге, құбылыстар мен жаңалықтарға үрке қарамай жақсыны көкейіне түйіп, өзінің рухани білімін шыңдаса ертеңгі өзінің ұрпағына айтар ақылы, ізгі өсиеті мол абыз қария болары анық»,- деді аудан әкімі Бақыт Асанов.

Жиында айтылған әрбір мәселе шешімін табатынын, ұсыныстар ескерілетінін айтқан аудан әкімі ел игілігі үшін айтылатын кез-келген мәселеде жастарды қабылдауға дайын екендігін жеткізді.

Ал, Мақтааралдың жалындаған жастары өз кезегінде Елбасының ұстанып отырған салиқалы саясаты мен жүктелген тапсырмаларын құр сөзбен емес, қайырымы мол іс-әрекеттерімен, бойларында буырқанған жастық жігерлерімен жүзеге асыруды уағдаласты.

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.