Жаңалықтар

Түркістан облысында 3 жыл бойы мал ұрлаған қылмыстық топ ұсталды

Түркістан облысының полиция қызметкерлері 3 жыл бойы мал ұрлаған қылмыстық топты ұстады, - деп хабарлайды NewsRoom+ Ақпарат тілшісі Polisia.kz порталына сілтеме жасап. Қылмыстық топ 3 жыл бойы Түркістан және Кентау қалаларында заңға қайшы әрекеттер жасаған. Облыстық полиция департаменті криминалды полиция бөлімінің қызметкерлері мамырда жалпы құны 70 миллион теңге болатын 150 ат мен сиырды ұрлаған қылмыстық топты ұстады. "Жедел-іздестіру шарасы барысында 6 адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Олар 3 жыл бойы мал ұрлаумен айналысқан. Тергеу барысында олардың 19 мал ұрлау дерегіне қатысы бар екені анықталды. Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктілерден 19 жылқы мен 9 сиыр тәркіленді. Шығынның жалпы мөлшері 70 миллион теңгеден асады. 4 күдікті қамауға алынды, 2 күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жіберілді", - дейді Түркістан облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Құрманбек Сахов. Тергеушілер қылмыстық топты ұйымдасып әрекет еткенін дәлелдеген. Топтағы әрбір адам өз міндетін жақсы білген. Бірі жайылымнан мал ұрласа, екіншісі оны жасырған, үшіншісі малды немесе оны сойып етін сатқан. Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің "Мал ұрлығы" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу реестріне тіркелді. Іс сотта қаралып жатыр.