Шымкентте мейрамханада болған атыстан бір адам көз жұмды
Шымкентте қымбат мейрамхананың бірінде атыс болып, бір адам көз жұмды. Тағы бір ер кісі ауруханаға түсті. Дәрігерлер оның жағдайы ауыр дейді. Қазір, осы оқиға бойынша тергеу амалдары басталып кетті. Бірақ, тәртіп сақшылары тілшілерге тіс жарып ештеңе айтар емес. Бейресми ақпарат бойынша, қарудан оқ атқан және жарақат алған адамдар екі қылмыстық топтың мүшелері екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына NewsRoom+ Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды. Оқыс оқиға кеше кешкісін Қарауылбек Қазиев көшесіндегі қымбат мейрамханада болған. Бейресми мәлімет бойныша, елімізде қылмыс әлеміне танымал екі бұзақы топтың мүшелері осы жерде кездесіпті. Сөйтіп, ортақ мәселені шешіп жатқан сәтте сөзге келіп қалыпты. Табан астында атыс болып, бір адам сол жерде қаза тапқан. Тағы біреуінің денесінің бірнеше жеріне оқ тиген. Ауыр жарақаттанған біреуі жедел жәрдем ауруханаға жеткізген. Ауруханада жатқан зардап шегушінің жас шамасы 35-те екен. Түскен кезде жағдайы тым ауыр болыпты. Кеуде қуысының ашық және құрсақ қуысының жабық жарақаты, оң және сол жақ өкпе қуысы мен ішегі зақымданған. Екі балтыры оқтан жарақаттанған. Бірақ, есін жоғалтпаған екен. Оның өмірін сақтап қалу үшін дәрігерлер шұғыл ота жасап, денесінен екі оқты алғанын айтып отыр. Тағы бір оқ арқа тұсында қалған. Оны шамалы күннен кейін, операция арқылы алмақшы. Нұржан ЕСТЕМЕСОВ, №1 КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: "Екі балтырына тиген екі оқ және арқа бөлігіне бір оқ тиген. Екі оқ алынды". Атыс болған мейрамхана қызметшілері түс көргендей жағдайда жүр. Әкімшісі орын алған оқиға бойынша тіс жарып ештеме айтпады. Сұхбат бермек түгілі, камераға түсіруге рұқсат етпеді. Мейрамхана әкімшісі: "Мы ничего незнаем, извините!". Ал сол маңда тұратын тұрғындар мейрамханадан әбден шаршағандарын айтып отыр. Даңғаза әуендер мен айқай-шу мазамызды алып жүрсе, тіпті, кешегі атыс жүйкемізді жұқартып бітті дейді. Ал кеше кешкісін болған атыс зәре-құтымызды қашырды деп отыр. Қорыққандарынан даладан үйге қашып тығылыпты. Сәуле ҚҰРЫМБАЕВА, ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Дауысын естіп сәл қорықтық енді. Білмеймін енді ары қарай не болатынын". Атыс болған сәтте, қарумен оқ атқан күдіктінің бірі ұсталған көрінеді. Бірақ, оның кім екені әзірге белгісіз. Ал бұл оқиғаға қатымсты полицейлер әзірге ешқандай ресми ақпарат бермей отыр.