Түркістан облысының Шардара аудандық орталық ауруханасында науқастарға арналған орталық бүгінде бос тұр. Яғни, ауыр індет пен пневмония дертіне шалдыққан науқастар емделіп шыққан, - деп хабарлайды
NewsRoom+ Ақпарат агенттігі.
Орталықта инфекциялық 10, привозорлық 20 науқасқа арналған төсек-орын бар. Бүгінде науқастардың 90 пайызы емделіп шыққан. Денсаулық жағдайы тұрақталған соңғы 8 науқас терапия бөліміне ауыстырылып, дәрігерлердің қатаң бақылауымен емделуде.
Барлық науқастарға тиісті ем шаралары қолданылып, үйге шыққан жандар да ақ халаттылардың назарынан тыс қалмайды. Олардың жағдайының тұрақтылығын білу үшін мобильді топтар жұмыс істеуде. «Дертінен айығып шыққан емделушілер медицина қызметкерлеріне алғыстарын білдірді.
Байбосынов Оразбай өкпенің төменгі екі жақты пневмония диагнозымен осында ем қабылдауда. Қазіргі уақытта денсаулығы қалпына түскен. Санаулы күндерден соң үй ішіне оралатын 64 жастағы Оразбай ақсақал дәрігерлерге алғысын білдірді»,-делінген хабарламада.
Айта кетейік, Шардара аудандық орталық ауруханасында бүгінге дейін 506 науқас емделіп шыққан. Инфекциялық бөлімде 43, провизорлық бөлімде 247, терапия бөлімінде 216 адам жүйелі түрде ем алған. Инфекциялық орталықтан 4 науқас, привозорлық орыннан 4 науқас терапия бөліміне ауыстырылып, дәрігерлердің бақылауына алынған.