Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
12 тамыз, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Интернет жоқ: Карантин кезінде балалар шатырға, бағанға шығып оқыды

Интернет жоқ: Карантин кезінде балалар шатырға, бағанға шығып оқыды

Интернет жоқ: Карантин кезінде балалар шатырға, бағанға шығып оқыды
ашық дереккөзі
Атына мен заты бөлек ауыл! Алматы облысындағы Жаңадәуір елдімекенінің тұрғындары интернет пен суық су тапшылығын тартып отыр.  Карантиннің алғашқы күндері балалар үйдің шатырына шығып, сабақ оқыған екен. Ал тіршілік нәріне тартылған құбыр екі жылдан асса да іске қосылмаған. Неге? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына NewsRoom+ Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды. Қыркүйек жақындаған сайын Жаңадәуір жұртының көңілі күпті. Өйткені, карантиннің алғашқы кезеңінде онлайн оқудың машақатынан жақсы хабардар. Ғаламторға кіру үшін оқушылардың шықпаған жері қалмапты. Қойылған талаптарды орындап, сабақтан қалдырмайын десек, оған кіру оңайға соқпай тұр дейді.  Мұхтар  ҚОСБОЛОВ,  ЖАҢАДӘУІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Карантин кезінде крышаға шығып оқыды балалар. Столбаның басына шығып оқыды. Огородтың аяқ жағына барып оқыды. Көліктің төбесіне шығып оқыды. Кім қалай көрді? Солай өмір сүрді. Сіздердің ауылдарыңызға ақша бөлінбеген, свободный линия жоқ, бос линия жоқ дейді. Корп жоқ. Жалпы, ешқандай интернет жоқ бізде". Интернеттің қиындығы карантинде басталса, судың мәселесін шеше алмай келе жатқандарына бірнеше жыл болыпты. Әуел баста қазылып, орталық су жүйесіне қосыласыңдар дегенді естіп көпшіліктің қуанышы қойнына сыймаған. Алайда, содан бері үш жылға жуық уақыт өтіпті. Су жолы өткенімен, тамшысын татып үлгермеген. Әлі күнге дейін денсаулыққа зиянды лай суды пайдаланып, тіршілік етудеміз деп отыр.   Кәмшат ОРАЗБАЕВА, ЖАҢАДӘУІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Кәдімгі жаман суды ішеміз. Фильтр сатып келгендер тексеріп береді бізге суымызды. Негізі бұл суды сіздерге ішуге болмайды, денсаулықтарыңызға зиян дейді. Ал, бірақ бізде амал қанша оған. Водопроводтың келем дегеніне әне үшінші жыл кетіп отыр. Екі жылдан асты. Енді, амал жоқ болған соң сол суды ішеміз жаман болса да". Дәл осы тіршілік нәрін жүргіземіз деп халықтың өзі төсеген жолын да ой-шұқырмен тастап кетіпті. Енді жауынды күні лай кешіп, ары-бері қатынау мүмкін емес дейді. Күн ысыса шаң көтеріліп маңай көрінбей де кетеді деп отыр. Шоқалақтан шаршаған көпшілік шешімі қашан шығар деп үміттенуде. Автокөліктер аяңдап өтсе, балалар белуардан батпаққа батып келетіндігін алға тартты.  Айгүл  КӘРІМОВА, ЖАҢАДӘУІР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Келе жатқан балалардың көрсеңіз батпақ аяқтары, белуарынан батпаққа шыланып кір болып былғанып келеді. Өте қиын. Үлкен кісілер мүлде шыға алмайды мына жерден. Екі рет сөйтіп қағаз өткіздік. Міне барып көреміз, міне көшені аралаймыз четверг күні барамыз, қараймыз дейді. Жоқ, ешқандай нәтиже жоқ". Жаңадәуірдің жаңа құрылыс деп аталатын аумағы осылайша не істерлерін білмей дал. Атқамінерлерге айта-айта өзіміз де мезі болдық дейді. Көпшіліктің арасына біраз уақыттан кейін ауыл әкімінің орынбасары да төбе көрсетті. Ғаламтордың мәселесін қарастырып жатқандығын айтқан қызметкер, көпшілікке судың биыл берілетіндігін жеткізді.  Дәулетхан ЖЕТЕУОВ, БАЙСЕРКЕ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: "Мердігер компания жасап жатыр. Қазір бір рет ескертіп, сотқа бермек болдық. Енді қазір жуып-шайып, оплецовка дейді, промывка дейді, соны жасап жатыр. Бірақ, ақаулары шықты. Сол ақауларын жасап біткеннен кейін, ол қосылады. Биылғы жылы ол қосылайын деп тұр". Ал, қара жолдың қымбат екенін айтқан әкім орынбасары, жыл сайын тек аймақ бойынша 22 көшені ғана жөндейтіндіктерін жеткізді. Биыл Жаңадәуірдің тек үш көшесіне ғана асфальт төселеді дейді. Ал, тас төсеп немесе басқаша жамау түрлері биылша жоспарларында жоқ екен.