Жаңалықтар

Сотталған полицейлердің туыстары ағайындарын босатуды сұрайды

Ақтөбеде экс-полицейлердің туыстары шу шығарды. Олар соттан қамауда отырған ағайындарын босатуын талап етіп отыр. Бес жыл бас бостандығынан айыру жазасы  олар үшін тым қатал деп санайды. Ағайын біткен ақтап, адал еді деген тәртіп сақшылары қай жерде сүрінді?  Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына NewsRoom+ Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды. Полицейлердің басын дауға қалдырған - осы видео. Әлеуметтік желілер жарыса жарияланған жазба полиция бөлімшесінің камерасына түсіп қалған. Видеодан ұсталған азаматты еденде сүйреп, кейбір полицейлердің жерде жатқан жігітті тепкілегені анық көрінеді. Осы жағдайдан кейін полиция департаментінде қызметтік тексеріс жүріп, басшының бұйрығымен партрульдік полицияның 10 қызметкерін жұмыстан босатқан еді. Кейін алтауының ісі сотқа түсті. Бас бостандығынна айырылғандардың  жақындары жазаларын жеңілдетсе екен дейді.  Жұмабай АСАРБАЕВ, СОТТАЛУШЫНЫҢ ТУЫСЫ:  «Жаза тым ауыр. Біз балаларымызды судан таза, сүттен ақ деп жатқанымыз жоқ. Олар да кейбір қателіктерін ішінара мойындаған. Артығырақ күш жұмсаған болуы мүмкін. Әйтпесе, анадай адамды басып кіргізе алмайды ғой. Бас бостандығынан айыру жазасын шартты жазаға аударса деп сұраймыз. Біздің талабымыз  сол». Сотталғандардың ағайындарын тыңдасаң, олардың өз «шындығы» бар. Оны қолдарындағы мына бейнежазбамен дәлелдегілері келеді екен. Сол күні кафеде тәртіпсіздік жасағаны үшін бөлімшеге жеткізілген жігіт балағаттап, дымын қалдырмады деп отыр.  Гүлзада ОТАРАЛИНА, СОТТАЛУШЫНЫҢ АНАСЫ:  «Ішімдікке тойып алған жас бала олардың намысына тиетін сөзбен балағаттап, ұрып-соғып жатыр, жетондарын, киімдерін жыртып жатыр. Кешегі сотта оның бірі ескерілген жоқ, біржақты қаралды. Араққа тойған бала жәбірленуші ретінде танылып тұр, бірақ ол сотта өзінің ішімдік ішіп, бұларға қарсы шыққанын мойындап, сотталуына қарсы болды. Сот мырза есепке алмай отыр».  Жұлдыз СЕКСЕНБАЕВА, СОТТАЛУШЫНЫҢ ЖҰБАЙЫ: «Жолдасымның «статьясы 370, часть 1, «бездействие», хотя оның бездействиясы жоқ бұл жерде. Балта шауып тұр ғой былай қарағанда. 3 баласы бар. Оны кім асырайды? Қаншама кредиті бар, ол жалғыз семья асыраушысы". Оқиға өткен жылдың қарашасында болған. 112-ге қызметіне кафеде төбелес болып жатқанын хабарлайды. Патрульдік полиция келген сәтте ішімдік ішіп алған үш жігіттің бірі кафедегі бойжеткеннің бірін ұрғанын анықтап, кейін ұсталғандарды бөлімшеге алып келген. Артынша бөлімшеде не болғаны бейнежазбаға түскен. "№2 қалалық сотының үкімімен Хайрушов, Асаманов , Өтеғұлұлы, Ғалымжан, Нұрмановтар Қылмыстық кодекстің Билiктi немесе лауазымдық өкiлеттiктерді асыра пайдалану» бабымен кінәлі деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы, ал Жумагалиев «Қызметтегі әрекетсіздік » бабымен кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылу жазасы тағайындалды". АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ СОТЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ Соттың үкімімен істі болғандардың барлығы енді құқық қорғау органдарында жұмыс істей алмайды, барлығы шендерінен айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ. Туыстары аппеляциялық шағым түсірген.