Бұдан былай будақтатып қорқор, яғни кальян шеккенді ұнататындар қоғамдық орындардардан бұл бұйымды таба алмайды. Себебі, заң шеңбеорінде тыйым салынды. Тек үйлерінде отырып түтіндетулеріне болады.
Аталған өзгеріс кальян орталықтары иелерінің наразылығын туғызды. Кәсіпкерлер темекіні әр бұрышта сатқызып, қорқор саудасын қысып тастағанына таңданып отыр. Аталған өзгеріс көлеңкелі бизнестің өршуіне сепші болмай ма?
Бұл туралы
Еуразия бірінші арнасына NewsRoom+ Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Андрей Джаваровтың кальян бизнесінде жүргеніне 9 жыл болыпты. Елордада екі орталық ашқан. 20 шақты адамды жұмыспен қамтыпты. Карантинге байланысты кафелерінің жабық тұрғанына жарты жыл болған. 10 миллион теңгеге жуық шығынға ұшырағанын айтады. Осы уақытқа дейін ашық түрде салық төлеп келген екен. Енді мына шектеу банкротқа ұшыратады ма деп қорқуда.
Андрей ДЖАВАРОВ, КАЛЬЯН ОРТАЛЫҚТАРЫНЫҢ ИЕСІ:
«Жыл сайын лицензия алу үшін белгілі бір соманы төлеуге дайынбыз. Заңды тұрғыда ашық жұмыс істеу үшін бұл қажет нәрсе. Бірақ, республикалық деңгейде қай адвокат біздің құқықтарымызды қорғайды? Кім ашық айта алады? Әрине, кальян денсаулыққа зиян деп жатыр. Бірақ, темекі өнімдері де оңып тұрған жоқ қой. Нарықта бәсекелестік тең болу керек деп есептеймін».
Басын қасып отырған тек Андрей емес. Өзі сияқты кальян бизнесін жаңадан ашқан әріптестері де сан соғып қалыпты. Себебі, жаңа орталыққа деп 30-40 миллион теңге қаржы құйған. Кальянға келгенде Денсаулық министрлігі неге тым қатаңдық танытып отырғанын маманнан сұрадық.
Темірлан ЖАҚЫПБЕКОВ, «ҚАЗАЛКОТАБАК» ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ АТҚАРУШЫ ДИРЕКТОРЫ:
«Егер кальян бизнесі заңды және қаржылық тұрғыдан толық реттелген болса, олар салық төлеп отырса, санитарлық талаптар сақталса, өркениетті түрде қадағалау болса мемлекет бұл бизнес өкілдерімен мәмілеге келетін еді. Егер олар салық төлеп отырса Денсаулық сақтау министрлігімен келіссөз жүргізуге болар еді».
Осы жерде бір параллель келтірейін. Табак өндіретін компаниялар өткен жылы 200 миллиард теңге салық төлеген. Кальян бизнесінің табысы белгісіз. Яғни, тыйым салушылар азаматтардың денсаулығын алаңдап емес, қазынаның қамын ойлай отырып осындай шешім қабылдаған ба деген сұрақ туындайды. Мейлі, болар іс болды. Кальян орталықтары жабылады. Осы өзгеріс көлеңкелі бизнестің өршуіне сеп болмай ма?
Динара АҚЫНБЕКОВА, ЭКОНОМИСТ:
«Шектеу қойылған жағдайда кейбір көлеңкелі жолмен табыс табуға үйренген тұлғалар әртүрлі жолдар іздей бастайды. Бірақ, бұл мәселе жас ұрпақтың денсаулығына алаңдаушылықты шешуге бағытталған. Жаңа норманы енгізу, бұл шектеу кәсіп иелері үшін жаңа қызмет түрлерін ойластыруға деген мүмкіндік деп қарастыруға болады».
Кальян бизнесі жалпы алғанда қызмет көрсету саласының кішкентай ғана бір бөлшегі. Оның өзін арба да сынбай, өгіз де өлмейтіндей етіп реттеп қойғанның орнына тек біржақты шешім қабылданған дейді наразы топ. Екінші тарап болса қарыздарымен, проблемаларымен бетпе бет қалып кеттік деп шағым айтады. Бірақ, оларды естір құлақ жоқ.