Түркістан облысында жарты жылда сыбайлас жемқорлыққа қатысты 257 қылмыстық іс тіркелген. Бұл туралы бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша өткізген брифинг барысында мәлімдеді, - деп хабарлайды
NewsRoom+ Ақпарат агенттігі.
Мирас Қарғабайдың айтуынша, Тергеу басқарманың өндірісінде болған істердің 148-і аяқталған және 62 іс сотқа жолданған. Әрбір аяқталған істер бойынша ҚР ҚПК-нің 200 бабына сәйкес заңбұзушылықтарға ықпал еткен мән-жайларды жою жөніндегі ұсыныстар енгізілген. Осы бағытта 59 ұсыныс жолданып, оның 40-ы қаралған.
25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершіліктерге тартылған. «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен 7 тұлғаға 1,3 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы берілген.
Агенттіктің 1424 Call орталығына Түркістан өңірінен хабарласқан 73 азаматтың берген ақпараты арқылы жедел әрекет ету амалдары жүргізіліп, нәтижесінде 5 тұлғаның заңсыз әрекеті үшін қылмыстық іс қозғалған», - деді департаменті басшысының бірінші орынбасары.