Жаңалықтар

Балаларға қарбыз қабығын мәжбүрлеп жегізген ер адам ұсталды

Балаларға қарбыз қабығын мәжбүрлеп жегізген ер адам ұсталды

Түркістан облысында балаларға қарбыздың қабығын мәжбүрлеп жегізген ер адам ұсталды. Ол Ордабасы ауданының тұрғыны болып шықты,- деп хабарлайды NewsRoom+ Ақпарат агенттігі. Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде тараған видео полицияның назарына іліккен. Онда ер адам былапыт сөздерді айтып, екі кішкентай ұл балаға қарбыздың қабығын мәжбүрлеп жегізеді. Полицейлер қоғамдық резонанс тудырған бейнежазбаның авторын бір тәулік ішінде анықтап, ұстады. Ордабасы ауданының тұрғыны бұл жәйт өткен жылдың тамыз айында болғанын айтып, өз кінәсін толық мойындаған. Тәртіп сақшылары сондай-ақ, видеодағы балаларды тапқан. «Екі баланың да ата-анасы полицияға арызданды. Сол арыздардың негізінде Қылмыстық кодекстің 389-бабы (»өздігінше билік ету«) бойынша іс қозғалып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Сараптама қорытындысы негізінде анықталған азаматқа қатысты тиісті шара қолданылатын болады», - деді Түркістан облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова. Балаларға әлімжеттік көрсетіп, балағаттаған ер адам көпшіліктен кешірім сұрады. «Қарбызға байланысты екі жасөспірімге көрсеткен нем үшін, жегізгенім үшін халықтан және әке-шешесінен кешірім сұраймын. Айыптымын, кінәлімін. Ашу үстінде болып қалды осындай. Кешіріңіздер», - дейді ол полиция түсірген видеода.