Жаңалықтар

Түркістан облысында комиссия шешімімен жұмыстан босатылған дәрігер бөлім меңгерушілігіне тағайындалды

Түркістан облысында комиссия шешімімен жұмыстан босатылған дәрігер бөлім меңгерушілігіне тағайындалды

Түркістан облысында, Келес ауданында еңбек дауларын қарау жөніндегі комиссияның шешімімен жұмыстан босатылған хирург-дәрігер Қайрат Сейдуалиев қайта ауруханаға қабылданды. Абай ауылындағы Келес аудандық ауруханасында жүріп, әлеуметтік желіге ақпарат таратқан дәрігер енді Сарыағаш аудандық орталық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалды, - деп хабарлайды NewsRoom+ Ақпарат агенттігі. Облыстық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, дәрігер-хирург аурухана басшылығының ұсынысымен жұмысқа қабылданған. «Бұған дейін Қ.Сейдуалиевке науқас тарапынан шағым түсіп, тәртіптік жаза алған. Сонымен қатар, қызметтік міндеттемені сақтамай өзі жұмыс істеп отырған медициналық мекемеге қатысты кереғар пікірлерді, Келес аудандық ауруханасына қатысты жалған ақпараттарды әлеуметтік желілерге жариялап отырған. Сондай-ақ, пандемия кезінде халық арасында медицинаға деген сенімсіздікті күшейтуге ықпал еткені үшін аурухананың шешімімен жұмыстан босатылған болатын. Қазіргідей қиын жағдайда медициналық қызметкерлері ауадай қажет. Бүкіл елдің еңсесін түсірген пандемиямен қиын күресте аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер эмоцияға беріліп, қателік жасауы мүмкін. Кадр тапшылығын болдырмау мақсатында әрбір медицина қызметкері мемлекет үшін аса маңызды. Сонымен қатар, Түркістан облысында барлық ақ халатты жандар жұмыссыз және қолдаусыз қалмайды» делінген Қоғамдық денсаулық басқармасының хабарламасында.