Еліміздің оңтүстігінде мерзімді әскери қызметке шақыру өткізілуде
Еліміздің оңтүстігінде мерзімді әскери қызметке шақыру өткізілуде
Еліміздің оңтүстігінде Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери бөлімдері мен құрамаларында мерзімді әскери қызмет өткеру үшін азаматтарды шақыру басталды. Түркістан облысы мен Шымкент қаласының жергілікті әскери басқару органдарында қабылданған 1 мыңнан астам жас еліміздің әр түкпірінде әскери міндетін орындайтын болады, - деп хабарлайды NewsRoom+ Ақпарат агенттігі.
1 шілдеден бастап екі өңірдегі Қорғаныс департаменттеріне 18-27 жас аралығындағы бес мыңнан астам адамды шақыру жоспарланып отыр. Әскерге шақырылушылар мен лауазымды тұлғалар арасында коронавирус инфекцияcының таралуын алдын алу мақсатында, жинау пункттерінде профилактикалық шараларды күшейту қолға алынған.
Медициналық бекеттер орналастырылып, онда облыстық медициналық комиссия құрамына инфекционист-дәрігерлер енгізілген. Сонымен қатар, салтанатты шығарып салу іс-шараларына да тыйым салынған. Жас жігіттер әскери бөлімдерге келгеннен кейін міндетті түрде оларды екі апталық карантинге оқшаулау жүргізіледі.
Карантин кезінде медициналық тексеру және әлеуметтік-психологиялық зерттеу де қарқын алады. Айта кетсек, Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан бүгінгі таңда 1600-ден астам азамат ҰҚК Шекара қызметі мен ІІМ Ұлттық гвардиясының бөлімшелерін толықтырды.