Жаңалықтар

Мақтааралда жаңадан салынып жатқан 200 үйдің құрылысы аяқталуға жақын

Мақтааралда жаңадан салынып жатқан 200 үйдің құрылысы аяқталуға жақын

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Мақтаарал ауданында болып, тасқын судан зардап шеккендер үшін салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарымен танысты. Дайын болған баспаналардың сапасын бақылап, тұрғындармен кездесті, - деп хабарлайды NewsRoom+ Ақпарат агенттігі. Қазіргі таңда Мырзакент кентіндегі жаңа мөлтекауданда бой көтеріп жатқан 550 үйдің 200-і тапсырылуға жақын. Бірінің шатыры шабылса, енді бірінің ішкі әрлеу жұмыстары жүруде. Мөлтекаудандағы құрылыс жұмыстарына 31 мердігер мекеме мен бір жарым мыңға жуық адам жұмылдырылған. Мұнда газбен, электрмен жабдықтау, ауыз су жүйелері және кәріз жүйелерін тазарту , 12,7 шақырымда орам ішіндегі жолдарды салу жоспарлануда. Аймақ басшысы құрылыстың сапасына зер салып, үйлерді ұзаққа создырмай тапсыру қажеттігін баса айтты. Сапар барысында өңір әкімі сондай-ақ, су тасқынынан зардап шеккен Өргебас елдімекенін қалпына келтіру жұмыстарымен де танысты. Ондағы тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Бүгінгі таңға мұнда 188 отбасына 8,5 млн теңгеден қаржы аударылған. Қалған қаражат құрылыс жұмыстарына қарай үлестірілетін болады деп жоспарланған. Қазір 130 үйдің іргетасы құйылып, 34 үйдің қабырғалары қалануда. Тағы 5 үйдің шатыры жабылып, құрылыс жұмысына 613 адам тартылған. Өмірзақ Шөкеев мұнан соң Жаңажол ауылдық округі, Фирдоуси ауылын қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысты. Тасқын судан зардап шеккен бұл ауылда 277 отбасының әрқайсысына 8,5 млн теңгеден қаржы аударылған. Жалпы бүгінгі таңға 188 үйдің іргетасы құйылып, 45 үйдің қабырғасы қалануда. 2 үйдің шатыры жабылып, құрылыс жұмыстарына 823 адам тартылған. Өңір басшысы жауапты басшыларға нақты тапсырмалар жүктеп, тасқын судан зардап шеккен ауылдардағы төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары жеке бақылауында болатынын атап өтті.