Алматы облысы Талғар ауданының полиция бөлімшесіне жеке шаруа қожалықтардың бірінің иесі хабарласып, қорада тұрған жылқысының ұрланғанын айтып арызданған еді. Ұры өз қорасында жүріпті. Бұл туралы NewsRoom+ Ақпарат тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Аудандық полиция бөлімшесінің қызметкерлері мал ұрлығын ашуға бағытталған шара барысында қылмысқа қатысы бар күдіктіні ұстады.
«Арнайы шара барысында сол шаруа қожалықта мал бағатын Ұйғыр ауданының 44 жастағы тұрғыны күдікке ілінді. Алдын ала тергеу барысында ол қылмысын мойындап, ұрлаған жылқыны қайда сатқанын көрсетті. Жылқы тәркіленіп, заңды иесіне аман-есен табысталды», – деді Талғар ауданы Полиция басқармасының бастығы Ерлан Қасым.
Оның айтуынша, қожайындарының үйде жоғын пайдаланған малшы ішімдік ішуді жоспарлаған. Алайда қалтасында қаржысы жоқ күдікті ақша табудың оңай жолын қарастырған. Қорадағы көп жылқының бірін ұстап, көрші шаруа қожалыққа сатуға тырысқан.
Бағасы арзан, құжаты жоқ жылқыны сатып алған көршісі аз ғана сома беріп, құжатын әкелуге шығарып салған. Мал ұрлығын жасаған күдікті аудандық полиция жанындағы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тәртіп сақшылары оның өзге де мал ұрлықтарына қатысы барын тексеріп жатыр.