Жаңалықтар

Абайдың мерейтойы: Семейге сый жасамақшы болған өңірлер уәделерінен айнып қалды

Абайдың мерейтойы: Семейге сый жасамақшы болған өңірлер уәделерінен айнып қалды

Астананың 20 жылдығына саябақ, веложол, тіпті көпір салып берген өңірлер енді Абайдың мерейтойына келгенде сөздерінен тайқып шықты. Семейге сыйға тартамыз деген нысандардың құрылысынан бас тартып жатқан көрінеді. Осы айдың соңына дейін ел игілігіне тапсырылуы тиіс алаңдар неге кешігіп жатыр? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына NewsRoom+ Ақпарат тілшісі сілтеме жасап хабарлайды. Осыдан екі жыл бұрын елорданың 20 жылдығында бірқатар облыс бір-бірінен асып түсіп астанаға тарту жасаған-ды. Саябақ, көпір, веложол салып жарысты. Абайдың мерейтойына орай, ақынның туған жеріне де осындай сый жасаймыз деп келісілген. Бірақ, сертке тұрмады. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының басшылығы  418 млн теңгеге Семейдегі Ертістің жағалауын жаңартып береміз деп сөз берген. Алайда, қаржылық қиындыққа байланысты одан бас тартыпты. Ал Әуезовке құрмет көрсетеміз деген Батыс Қазақстан облысының әкімдігі жалт етті де жоқ болды дейді, семейліктер. АСАН ДҮЙСЕМБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ: "Мұхтар Әуезов алаңының жаңарту Батыс Қазақстан облысының қаржысына жоспарланған болатын. Өкінішке орай, әлі күнге дейін бұл облыстың басшылығынан нақты жауап алмадық". Қарағанды, Ақмола, Қызылорда облыстары бас тартыпты.  Тек Алматы облысы ғана берген сертті бұзбай, «Абай жолы» жаяу жүргіншілерге арналған жолдың құрылысын бастаған. Жоба бойынша шілде де аяқталуы тиіс еді. "Жұмысты созып жіберді ғой. Бір жылда бітетін нәрсе. Сонша бір үлкен жұмыс жасап жатқандай. Түкте істеп жатқан жоқ". "Жаз аяқталады.Қыстың күні ешкім бармайды. Жаз бітпей тұрып аяқталса жақсы болар еді". Абайдың мерейтойына арналған кейбір нысандар өткен жылы бастап салынуы тиіс еді. Алайда жобаларды мемлекеттік сараптама өткізу кезінде де проблемалар туындаған. Жергілікті шенеуніктер әлі де үміт үзбей, құрылыс жұмыстары аяқталады деп сендіруде.  АСАН ДҮЙСЕМБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІНІҢ СЕКТОР МЕҢГЕРУШІСІ:     "30 тамызда бір тапсыруымыз керек нысандар бар еді. Карантинге байланысты кешеуілдеп қалғандары бар. Бұл форс-мажор. Қазір жұмыстар басталды. Әсіресе, тротуарларды салу қарқынды жүруде". Сөз күйінде қалған нысандардың жобалары керемет еді. Жергілікті тұрғындарда үміттенген еді. Бірақ, ұрандаумен тағы бір жаз өтті, деп қынжылады олар.