Жаңалықтар

Ұлы Абайға 175 жыл

Ұлы Абайға 175 жыл

Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесі бекітілген қаулының негізінде 10 тамыз Абай күні болып ресми жарияланды. Осыған орай Абай Құнанбайұлы туралы қызықты деректер топтамасын ұсынамыз. 1. Абай Құнанбайұлы – Орта жүз, Арғын тайпасы, Тобықты руының билер әулетінде дүниеге келген. Кейін келе хәкімнің өзі де ел ісіне араласа бастайды. 2. Абай Құнанбайұлының шын аты – Ибраһим. Шешесі – Ұлжан жас Ибраһимді «Абай», - деп еркелетіп атаса керек. Кей деректерде бұл есімді әжесі – Зере қойды деп те келтіріледі. Кейін ұлт есінде хәкімнің шын есімі емес, анасы қойған аты қалды. 3. Хәкімнің үш әйелі, он баласы болған. 4. Абай Құнанбайұлының (15 жасында көрген) алғашқы махаббатының есімі – Тоғжан болған. Әнші қыз Айкерімді алғаш көргенде де көз алдына Тоғжан елестейді. Хәкім Шүкманды көргенде: «Әй, керім» дегені, содан барып жанындағы жолдастары Шүкманды – «Айкерім» атап кеткені туралы да айтылады. Шүкман мен Абай Құнанбайұлы 1875 жылы отау көтерген. 5. Хәкімнің ел ісіне араласып жүрген уақытында кей бай-шонжарлар тарапынан наразылық туындап, Абай Құнанбайұлының үстінен арыз жазылған. Мысалы: Үзікбай Бөрібаевтың – «Таймақкөл деген жерімді иемденіп алды» деген арызы ақынды он жылға жуық сүргінге салып қояды. 6. 1885 жылы Абай Құнанбайұлы бастаған комиссия үш күн, үш түнде 93 баптан тұратын «Семей қазақтары үшін қылмысты істерге қарсы заң ережесін» жазып шығады. Абай Құнанбайұлының саяси абыройын асқақтатқан да осы – «Қарамола сьезі» еді. 7. «Қарамола сьезінен» кейін хәкімнің дұшпандары тіпті еліре бастайды. Бұл еліру 1890 жылы асқынып барып, Абай Құнанбайұлына қастық қылмаққа ұласады. Дұшпандық әрекеттің басында Байғұлақ, Құнту атты жуандар мен 16 атқамінер тұрған еді. 8. Абай Құнанбайұлы алғашқы өлеңдерін Көкбайдың атынан жариялағаны белгілі. Бір деректерде Абай Көкбайдан өз өлеңін бір қараға қайта сатып алғаны да айтылады. 9. Абай Құнанбайұлының қара сөздері ең алғаш 1918 жылы, хәкім қайтыс болған соң 14 жылдан кейін Семейден шығып отыратын «Абай» журналында жарық көрді. 10. Абай Құнанбайұлы Көкбайға «Наурызбай туралы» дастан жазуды тапсырады. Көкбайдың Наурызбай батырдың Ақауызын суреттеген тұсына көңілі толмай, «Шоқпардай кекілі бар қамыс құлақ» атты өлеңін жазады. Бірақ, бұл өлеңде суреттелетін ат та Ақауызға ұқсамай, бұл өлең де Көкбай жазған «Наурызбай - Фатима» атты жырға енбей қалады.