Мамин жұмыс барысымен «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығына барды
Мамин жұмыс барысымен «Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығына барды
Үкімет басшысы «ақылды қалалардың» заманауи технологияларын енгізу бойынша «SmartAqkol» жобасының өзегі болып отырған «Қазақтелеком» АҚ-ның Ахуалдық орталығының және Деректерді өңдеу орталығының жұмысымен танысты. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоба «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жолдағы және қоғамдық қауіпсіздікті, оның ішінде білім беру мекемелері мен нысандарындағы бейнебақылау, денсаулық сақтау саласындағы мониторинг пен басқару, сондай-ақ ғимараттар мен тұрғын үйлерді жаңа буынның «ақылды» жабдықтарымен жабдықтау арқылы қаланың қалыпты тыныс-тіршілігін кешенді қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылды.
«Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығын аралау кезінде Премьер-Министрге «Kazsat» ұлттық ғарыштық байланыс жүйесінің дамуы туралы баяндалды, бұл байланыс жүйесі «KazSat-2», «KazSat-3» қос жерсерігінен және Ақмола облысындағы «Ақкөл» және Алматы облысындағы «Көктерек» қос жерүсті басқару кешенінен тұрады.
«Ақкөл» ғарыштық байланыс орталығының құрамына ғарыш аппараттарының ұшуын басқару орталығы, мониторингті басқару орталығы, аппараттық-бағдарламалық және метрологиялық қамтамасыз ету орталығы, инфрақұрылымды пайдалану қызметі кіреді.
Қазіргі кезде «KazSat» байланыс жерсеріктерінің қызметін 15 негізгі қазақстандық байланыс және тарату операторы пайдаланады. «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесінің жүктемесі 73%-ға жуық.
Сапарға Премьер-Министрдің орынбасары Р. Скляр, цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушы Б. Мусин, Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ. Есекеев және т.б. қатысты.