Түлкібастықтар Мархабат Байғұтқа ат мінгізді

12 Желтоқсан, 2018 551 0

Түркістан облысына қарасты Түлкібас ауданында аудандық мәдениет сарайында «Мархабат-мирас» қорының ұйытқы болуымен «Түркібасы тебіреністері» байқауы болып өтті.


Байқауға аудан әкімі Н.Тұрашбеков, Халықаралық «Алаш», «Бауырмал» сыйлықтарының лауреаты, жазушы-журналист М.Байғұт, Қазақстан Республикасының құрметті журналисі, Түркістан облысының құрметті азаматы Б.Қонысбек, жазушы, профессор Н.Қадырбаев, ақын, түріктанушы С.Сахабат және аудан тұрғындары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Алдымен байқауға қатысушылар өз өлеңдері мен жергілікті ақын- жазушылардың шығармаларын орындады. Бір айға жуық өткізілген байқаудың қортындысы шығарылып, жеңімпаз атанған оқушылар марапатталды. 

Мерекелік жиында сөз алған М.Байғұт, Б.Қонысбек, Н.Қадырбаев, С.Сахабат мырзалар байқаудың ерекшеліктері жайлы айтып өтті. Аудан әкімі Н.Тұрашбеков те келген қонақтар мен байқауға қатысушыларды құттықтады. Қордың атқарған жұмысына ризашылығын білдіріп, бір топ ұстаздарды алғыс хатпен марапаттады. Сонымен қатар қарымды журналистер Б.Қонысбек пен М.Байғұтқа ауданның 90 жылдық медалін табыстады. М.Байғұтқа қазақы дәстүрмен шапан жауып, ат мінгізді.

Жалпы «Мархабат-Мирас қоры» жастарды кітап оқуға баулу, дарынды жастардың шығармашылығына қолдау көрсету мақсатында ел сүйсінетіндей, жұрт қызығатындай жобаларды қолға алып, жүзеге асыруда.

Мәселен, қор құрылған алғашқы жылдары әлемге танылған грейг қызғалдағы жайында «Шырайлым-Шұбайқызылым» жобасы жас жазба ақындардың байқауы республикалық және халықаралық деңгейде ұйымдастырылды. Байқауда жас талапкерлердің тұсауы кесіліп, қазақ қызғалдағы, туған жер, егеменді ел, атамекен туралы өрелі өлеңдер мен қарасөзбен өрнектелген толғамдар дүниеге келді.

Сонымен қатар қордың ұйытқы болуымен «Таупістелі тағылымы», «Мархабат оқулары», «Тұтқабай толғаныстары» жобалары аясында байқаулар, форумдар, кездесулер өткізіліп, әдебиетіміздің дамуына өзіндік үлес қосты.


Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.