Жаңалықтар

Жәбірленуші: күйеуім бензин құйып өлтіремін деп қорқытады

Жәбірленуші: күйеуім бензин құйып өлтіремін деп қорқытады

 width= Коронавирус індеті кезінде елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылық 21 пайызға артып кетті. Бұған күн сайын әлеуметтік желілерге жарияланып жатқан жанжалға толы видеолар да дәлел. Әйелін сабайтын ер, ұл-қызына қоққан-лоққы көрсететін әке, баласына қатігездік танытатын аналар да азаймай отыр. Мамандар бұған карантиннің әсері бар дейді. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артып бара жатқаны жөнінде ресми органдар да растап отыр. Әсет ОСПАНОВ,  ҚР ІІМ ӘПК ювиналды полиция және әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінің басшысы:
«Оқшаулау кезеңінде тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін 8000 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың тең жартысы қамауға алынды. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін мемлекеттік емес ұйымдармен тығыз байланыстамыз».
Ажырасқанына 3 жыл болса да Кәмшат Нұғыманованы бұрынғы жолдасы аңдып, қорқытып келеді екен. 4 баласын жетектеген ана қашып әбден шаршағанын айтады. Барар жер, басар тауы қалмапты. Кәмшат Нұғыманова, жәбір көруші: 
«Мені қорқытады. Шашыңды қырқамын, аузыңды кесіп тастаймын. Үстіңе бензин құйып өлтіріп кетемін деген. Онысы тек сөзбен ғана емес, жұмыс орныма қуып келіп айқай шығарады. Оған бүкіл менің жұмыс орным куә. Терезесін шағып кетті жұмыстың. Тұрған жерімді тауып алады».
Карантин кезінде зорлық көрсететіндердің саны артқанын Анна Рыль да мойындайды. Айына алпысқа жуық әйелдің көмек сұрағанын жеткізді. Өкінішке қарай, тепкі көргендерді қабылдайтын орталықтардың жағдайы мәз емес. Анна РЫЛЬ, «Қорғау Астана» қорының жетекшісі: «Дағдарыс орталықтары жабық. Бір бөлігі қаржылық қолдаусыз қалған. Кейбірінде келушілерді орналастыруға  арналған орын тапшы. Карантин кезінде осындай орталықтарға барынша көмектесу керек еді. Қаржы бөліп, орынды арттыру маңызды. Себебі, жағдарыс орталықтарына сұраныс қашанда бар». Халықтың карантин кезінде ашушаң болып кеткенін психолог мамандар да растап отыр. Мәселені шешу үшін әңгімелесудің орны бөлек екен. Аида ТҰРҒАЗЫ, психолог:
«Конфликтіден қашу жолы тек бір біріңізді есту. Бір-біріңіздің қажеттіліктеріңізді қанағаттандыру. Егер ол демалысқа қажеттілік болса оны қанағаттандыру. Отбасылық зорлық-зомбылық көбіне неден болады? Адамдар бір бірін ести алмаудан болады. Сондықтан бірге үйде отырсаңыздар да, бір біріңізді ести алмайтын жағдайлардан қашуға жағдай жасасаңыздар».
Тұрмыстық зорлық-зомбылық жасағандарға қатысты жазаны қатаңдату керек пе? Заңгерлер халықпен жұмыс істеп, санасын өзгертпесе бәрі бекер деген пікірде. Аржан СӘДУАҚАСОВ, заңгер:
«Қазір Парламентте қаралуда. Егер тұрмыстық зорлық-зомбылық жасайтын адам ол ісін қайталайтын болса оларды белгілі бір уақытқа отбасынан басқа жерге шектеу қояды».
Пандемия кезінде әлем бойынша отбасыларда конфликт көбейген. Мына Түркиялық әйелдер қорғау сұрап ұрандатып шығып отыр. Жыл басынан бері бауырлас елде зорлық-зомбылықтан 200-ге тарта әйел көз жұмған. Күзде вирустың екінші толқыны болады деген болжам бар.   Отандық мамандар жағдайды тұрақтандыруға барымызды салып жатырмыз дейді. Дайындықты бүгіннен пысықтамаса қайғылы статистика артып кетуі мүмкін.