Шымкент: Мұрат Айтенов еріктілермен кездесу өткізді
Шымкент: Мұрат Айтенов еріктілермен кездесу өткізді

«Өздеріңіз білетіндей, елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты қаламыздың еріктілері жұқпалы вируспен күреске белсенді қатысуда. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өз атымнан және қала тұрғындарының атынан барлық еріктілерге шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Денсаулықтарыңызға төнген қауіпке қарамай, мұқтаж отбасыларға азық-түлік тасымалдаумен, жекеменшік медициналық мекемелерге оттегі баллондарын құюға көмектесіп, қарттарға қажетті дәрі-дәрмектерді жеткізуде барынша көмек көрсеттіңіздер. Бүгінгі таңда әрбір азамат қауіпсіздік ережелері мен санитарлық-эпидемиялогиялық талаптарды қатаң сақтап, коронавирустың таралуын тоқтатуға айтарлықтай үлес қоса алатындығын атап өткім келеді. Өкінішке орай, пандемия – бұл көрінбейтін жау. Сондықтан мен, сіздердің әрқайсыңызды өзіңізді және жақындарыңызды індеттен қорғауға шақырамын», - деді әкім.«ASAA» жастар қоғамдық бірлестігінің төрайымы Данара Саранова соңғы аптада көмек көрсетуге ниет білдірген белсенділер саны көбейгенін және қазір олар волонтерлік жұмысқа кіріспес бұрын қажетті оқудан өтіп жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, пандемиямен күресте бірлескен және нәтижелі жұмыс жасау үшін еріктілерден құралған түрлі қозғалыстарды біріктіруді ұсынды. Сонымен қатар, ол әртүрлі бағыттар бойынша одан әрі жұмыс істеу үшін басқа елдердің еріктілерімен тәжірибе алмасу және оқыту қажеттілігі туралы айтып өтті.

- Жастар бас қосатын орындарды ашу жұмыстары жүргізілуде. Карантин аяқталғаннан кейін ресми түрде пайдалануға береміз. Алдағы уақытта бұрынғы Фосфоршылар мәдениет сарайын қалпына келтірсек деп отырмыз. Бұл ретте бірқатар жоспарлар бар. Жастарға спортпен шұғылданатын үйірмелер де көптеп керек, – деді қала әкімі.Айта кету қажет, еріктілермен кезекті кездесу соңында қала әкімі волонтерлерді пандемиямен күресуге және туындаған мәселелерді бірлесіп шешуге шақырды.