Жаңалықтар

Шіркеу ішінде той өткізіп келген

Шіркеу ішінде той өткізіп келген

Петропавл тұрғындары карантин кезінде тыйым салынған отбасылық сал­танат пен тойларды жер­гілікті шіркеу ішінде өткі­зіп келген. Осындағы Архан­гельское ауылына аттанған полицейлер үйлену тойы үстінен дөп түсті. Бұл туралы NewsRoom+ Ақпарат тілшісі  Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Ауылдық округтің әкімі 4 та­мыз күні учаскелік инспек­торға қоңырау шалып, жер­гілікті шіркеу аумағында адам­дар мен машиналар тым көп жиналатынын байқағанын мәлім еткен екен. Әкім (әйел адам) оларға барып, Солтүстік Қазақстан облысының бас са­нитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, той тойлауға тыйым са­лын­­ғанын ес­кертеді. Мұны есті­ген ұйым­дастырушылар заңға бағы­нып, тараудың орнына билік өкілі­нің өзіне дүрсе қоя берген. Хабарды ести сала жедел жетіп барған мониторинг тобы мен полиция қызметкерлері той­дың қызған кезіне тап болыпты. Ғибадат орнының іші-сырты қонаққа толы көрінеді. Кейін анықталғанындай, Петропавл қала­сының тұрғындары ресми некеге отырғаннан кейін діни жолмен неке қию жоралғы­сын және үйлену тойын ұйым­дастыруға құмартып, Архан­гельское селосының шіркеуіне бет қойыпты. Тексерушілер сол жерде дас­тарқан жайылғанын, той өтіп жатқанын фотосуретке және бейнекамераға түсіріп алды. Полицияның учаскелік инспекторы Ерлан Башенов жергілікті храмның свяще­н­ни­гіне және ұйымдастыру­шыларға – жас жұбайлардың ата-анасына қатысты әкімшілік материалдар жинады. Олардың бұл әрекеті Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Халық­тың санитарлық-эпидемио­логия­лық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» деп аталатын 425-бабына сай жазалауға жатады. Бұл бап бойынша жеке тұлғаларға 30 АЕК немесе 83 мың 340 теңге, коммерциялық емес ұйымдарға – 230 АЕК немесе 638 мың 940 теңге айыппұл салынады.