Күлтөбе қалажұртында сопылық мінәжат ету ғимараты табылды
Күлтөбе қалажұртында сопылық мінәжат ету ғимараты табылды
Археологиялық қазба жұмыстары кезінде Түркістан қаласының ең ежелгі бөлігі Күлтөбе қалажұртында ғалымдар ханака деп аталатын ежелгі сопылық мінәжат ету ғимаратын тапты. Бұл туралы сүйінші хабарды «Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты» ЖШС-нің баспасөз қызметі жеткізді, - деп хабарлайды NewsRoom+ Ақпарат тілшісі Baq.kz порталына сілтеме жасап.
Сенсациялық олжаны Eurasian Resources Group (ERG) қаржылық қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Күлтөбе қалажұртының тарихи нысандарын қалпына келтіру» жобасы аясында Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының ғалымдары тапты. Мамандардың пікірінше, күлтөбелік ханака – XV ғасырдан XIX ғасырға дейінгі аралықта қызмет еткен мінәжат ету және жерлеу рәсімдері өткен сәулет ескерткіші. Өйткені, мұнда кешеннің барлық үй-жайлары мен ғұрыптық залдарының қалдықтары ғана емес, дәруіш орденіне қызмет еткендердің сүйегі табылды. Мұндай ескерткіштер Түркістан облысындағы Отырар және Қаялық қалажұрттарындағы екі қазақстандық ханаканы есепке алмағанда, отандық ғылымда іс жүзінде әлі белгісіз және аз зерттелген. Осыған дейін табылған ханакалар көлемі мен ауқымы бойынша күлтөбелік үлгіден едәуір кіші.Күлтөбеден табылған ханака – Ясауи орденімен тікелей байланысты, ежелгі дәуірдің ең өзгеше құрылымдарының бірі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жақын (300 м ара қашықтықта) орналасуы, жерленгендердің басының солтүстікке, яғни кесенеге қаратылуы – осыған дәлел. Сопылық және ортодоксальды исламның басты айырмашылығы қасиетті қабірлерге табыну туралы И.Гальцье, В.Базилов, И.Стасевич және басқа да ғалымдардың еңбектерінде айтылған. Қасиетті молаларға табыну қоғамдастықтың негізін қалаушы немесе сопылық орденінің ерекше құрметті мүшесі жерленген жерлерде көптеген Орта Азиялық және Шығыс ханакаларының болғанын айғақтайды. Орта Азияда мұндай мысалдар өте көп. Сонымен бірге, әулиелерге табыну – антикада ақсақалдарға және әулеттің негізін қалаушыға табынуға жалғасатын Қазақстанның исламға дейінгі наным-сенімдерін байқауға болады, - дейді жобаның ғылыми жетекшісі, философия ғылымының докторы, қауымдастырылған профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Андрей Хазбулатов.Ал Ерлан Қазизовтың айтуынша, көбіне жоғарғы билеушілердің немесе олардың өкілдерінің тапсырысы бойынша мұндай мекемелердің салынуы мешіттер мен медреселерді салумен қатар оң іс деп саналған. Әдетте, олар барлық мұсылман елдерінің қалалары мен жол бойында салынған. Күлтөбе қалажұртындағы ханака – жылыту пештері мен кішкентай тандырлары бар 10 бөлмеден тұратын кешен. Ғимараттың оңтүстік-шығыс бөлігінде 7 жерленген жер асты табыты бар тікбұрышты пішінді кесене орналасқан. Кесене тікбұрышты (8х11 м) пішінді. Барлық жерленгендердің басы солтүстікке – Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне бағытталғаны ханаканың Ясауи орденіне жататындығы туралы болжамды дәлелдейді.
Ханака кесенесінің оңтүстік, солтүстік және шығыс жағында тікбұрышты айналма галереялар аршылған, қабырғалардың бір бөлігі шикі кірпіштен, ал басқа бөлігі күйдірілген кірпіштен және өзеннің үлкен қиыршық тастарынан жасалған. Кесененің батысында, ұзын меридиональды қабырға бойында оңтүстіктен солтүстікке қарай батыстан кіреберісте бір қатарда орналасқан 8 құжыра (шағын бөлме) орналасқан. Нысанның солтүстік-батыс бөлігінде жерүсті құрылымдары байқалмайды, мұнда тұрмыстық қажеттіліктер мен ұжымдық рәсімдерге қолданылатын айван – жабық террассасы болғанға ұқсайды.
Бұл ханака, әрине, Институт ғылыми тұжырымдамасымен айналысып жатқан «Күлтөбе қалажұрты» ашық аспан астындағы археологиялық паркінің «маржанына» айналады және I-II ғасырлардағы қаңлы дәуірінің кірес тәрізді ордасына пара-пар болады. Бұл ғимараттың бірегейлігі тек сопылық кешеннің архитектуралық тұжырымдамасында немесе шешімінде ғана емес, сонымен қатар, Ясауи ордені өкілдерінің өмірі мен қызметінің көптеген қырларын ашады, - дейді мәдениеттанушы, жобаның бас ғылыми қызметкері Жанерке Шайгөзова.Табылған нумизматикалық материалды, сонымен бірге антропологтар мен генетиктердің адамның сүйек қалдықтарын зерттеуі жаңа мәліметке қанығуға және Қазақстан тарихының тағы бір «ақтаңдақ бетін» ашуға мүмкіндік береді деп үміттенеді ғалымдар.